16 тамызға қараған түні Ресей әскері Украинаның Одесса және Николаев облыстарының порт инфрақұрылымдарына шабуыл жасады. Шабуыл кезінде "Шахед" дрондары пайдаланылды, 13-ін атып түсірдік, деп хабарлады Украина қарулы күштері. Ресейдің қанша дронмен шабуылдағаны айтылмайды.
Одесса облысының әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Кипердің айтуынша, облыстың оңтүстігіндегі порт инфрақұрылымына соққы жасалған. Дунайдағы астық сақтайтын қоймалар бүлінген. Ақпаратқа қарағанда, ешкім зардап шекпеген. Кипер соққыдан кейін түсірілген суретті жариялады, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак сәл кейінірек Рени портына да соққы жасалғанын мәлімдеді. Рени – Измаил қаласына жақын шоғырланған Дунайдағы ірі порттардың бірі.
Ресей шілде ортасында астық келісімінен шыққаннан кейін Ресей әскері Одесса облысындағы порттарды жиі соққылай бастаған. 2 тамызға қараған түні сондай соққыдан кейін Измаил қаласында порт және өнеркәсіп инфрақұрылымдары қираған, өрт тұтанған. Элеватор, астық сарайлары мен жүк терминалындағы қоймалар, өндіріс, әкімшілік ғимараттары, сонымен бірге теңіз вокзалының ғимараты бүлінген.
- Шілде ортасында астық келісімінен шығатынын мәлімдеген Ресей әскері украин порттарына баратын сауда кемелерін әскери нысан ретінде санай бастайтынын мәлімдеген.
- Қара теңіздегі порттардан астықты азық-түлікке зәру елдерге тасымалдауды қарастыратын астық келісіміне былтыр Ресей мен Украина Түркия және БҰҰ-ның араласуымен қол қойған. Келісім бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет 17 мамырда ұзартылған.
- Мәскеудің мәлімдемесіне сәйкес, Ресейдің азық-түлік өнімдері мен тыңайтқыш экспортына кедергілерді алып тастау туралы міндеттемелер орындалмаған. Мәскеу өз шарттары орындалған жағдайда келісімге оралатынын айтады.