Украина сыртқы істер министрлігі Украина кейбір аумағын Ресейге беруге келіссе, оны НАТО-ға мүше ретінде алу сияқты әңгімелерге "мүлде жол беруге болмайды" деп мәлімдеді. Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Олег Николенко осылай деді, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Бұған дейін норвегиялық VG басылымына сүйенген бірқатар БАҚ НАТО бас хатшысы кеңсесінің жетекшісі Стиан Йенссеннің мәлімдемесін жариялаған. Йенссен Украина кейбір жерінен бас тартса, оны солтүстікатлантикалық одаққа алу арқылы соғыс аяқталуы мүмкін деген. Йенссен бұл сөзін Арендалдағы пікірталас кезінде айтқан. Норвегиялық басылымның хабарлауынша, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенбергтің өзі басқыншылықты тоқтату бойынша Ресеймен кез келген келіссөздің шартын Украина анықтауға тиіс деп айтқан.
"Альянс Украина тәрізді территориясын саудаламайды деп ойлаушы едім. Украинаның өз жерінен бас тарту мүмкіндігі сияқты нарративтерді қалыптастыруға НАТО шенеуніктерінің саналы немесе бейсана түрде қатысуы Ресейге қолайлы" деп жазды Украина сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Олег Николенко.
- Зеленскийдің бейбітшілік жоспары 10 пунктіден тұрады. Атап айтқанда, онда Украинаның ядролық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, тұтқындар мен депортацияланғандарды босату, сонымен бірге БҰҰ-ның территориялық тұтастықты сақтау туралы жарғысына қатысты тұстар бар. Киев Ресей өзі басып алған Украина жерін қайтарып (арасында Қырым да бар), өз әскерін әкетпейінше Мәскеумен бейбіт келіссөз мүмкін емесін айтады.
- Мәскеу 2014 жылы басып алған Қырымды Ресей аумағы деп санайды. Бұған қоса, 2022 жылы күзде Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын өзінің құрамына кіргенін жариялаған. Ресей билігі былтыр қыркүйек айында аталған аумақта жүргізілген "референдум нәтижесін" алға тартады. Киев және халықаралық қауымдастық бұл референдумды заңсыз деп санайды.