Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ аймақтағы білім беру ұйымдарының жаңа 2023-2024 оқу жылына дайындығы туралы баяндама жасады.
Өңір басшысының айтуынша, облыста жаңа оқу жылына 143 мың оқушыны қабылдау жалпарланған. Сонымен қатар биыл білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4 млрд 544 млн 527 мың теңге теңге бөлінді.
- Өткен жылы облыста оқушыларды 49 автокөлік тегін тасымалдады. Енді жаңа оқу жылында 60 елдімекенде 4 561 оқушыны тасымалдау жоспарланып, қосымша 23 автобус сатып алу үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Көліктер қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Қазір 1 035 мектеп сыныптарының 577-і (55,7%) жаңартылды. Оқулық және оқу-әдістемелік кешендермен қамту үшін 1 млрд 676 млн 370 мың теңге бөлінді. Оқулықтар 25 тамызға дейін толықтай жеткізіліп, таратылады. Облыстағы түпкілікті шешілген мәселелердің бірі - 1-4 сынып оқушыларын толық, 5-11 сыныптағы әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларын тегін ыстық тамақпен қамту.
Биыл 21 мектепте интернет жылдамдығын арттыру жоспарланып, 108 332,1 мың теңге бөлінді. Нәтижесінде 20 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету пайызы 43,3% құрайтын болады, - деді С.Шәпкенов.
Айта кету керек, Атырау облысында модернизациялау жұмыстарына жататын 25 мектептің бүгінгі күні 5-еуі толықтай аяқталды. Қалған 20 мектепте бірнеше бағытта жұмыстар жүруде. Модернизациялау бағытындағы жұмыстар жылдың аяғына дейін іске асырылады.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет ӨКҚ