Украина билігінің Мариуполь мэрінің кеңесшісі Пётр Андрющенко Донецк облысының Урзуф селосындағы атыс кезінде жеті бейбіт адам өлгенін хабарлады. Ол бір күн бұрын телеграм-арнасына Урзуф селосында Қадыров жасағымен 11 тамызда атыс болғанын, селоға кіріп-шығатын жолдар жабылғанын жазған, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Мариуполь қалалық кеңесінің мәліметіне қарағанда, Қадыров жасағы Ресей әскери комендатурасының жауынгерлерімен атысқан. Ресейдің кемі төрт солдаты өлген, бейбіт адамдар арасында өлгендер мен жараланғандар бар.
Шешенстан бұл ақпаратты теріске шығарған. Шешенстан баспа министрі Ахмад Дудаев "шешен халқының бірде-бір өкілінің болған оқиғаға қатысы жоқ деп мәлімдеді, бірақ ол атыс болғанын жоққа шығарған жоқ" деп хабарлайды Кавказ. Реалии.
Украина мәліметіне қарағанда, Шешенстан бөлімшесінің солдаттары Азов теңізінің жағасындағы Урзуф селосына демалысқа келген. Сол жерде әскери комендатурамен жанжал болған. "Бір-бірінің погондарын жұлып алып, атысқан", – деп жазады Андрющенко. Оның сөзінше, өлгендер арасында кәмелетке толмаған екі қыз бар.
ASTRA телеграм-арнасы журналистердің Урзуф селосының Ресей тағайындаған басшысы Иван Топузовқа хабарласқанын, ол атыс болғанын растағанын жазған. Шенеунік оқиға болға жерде "тергеу комитеті жұмыс істеп жатқанын" айтқан.