Атырауда 8 тамыздан бері 33 жастағы Азамат Табынбаевты туыстары іздеп жүр.
Жанаргүл Төремұраттың айтуынша, туған ағасы Азамат 8 тамызда Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылынан қалаға бет алған.
Олар соңғы рет сол күні кешке телефон арқылы тілдескенде, ағасы ауылдың балалары өзін ұрып кеткенін хабарлаған. Қаладағы вокзалға келіп тұрғанын және Нұрсая ықшамауданындағы үйіне таксимен баратынын айтқан. Біраз уақыт өткен соң ағасының телефонына қайта соққанда қоңырау басында барып тұрған. Кейін өшірулі болды. Азаматтың хабарласпағанына алаңдаған туыстары келесі күні тамыздың 9-да оның із-түссіз жоғалып кеткені жөнінде арыз жазған.
- 11 тамызда жолдасым полицияға барды, сонда ағамның телефоны Қызылқоға ауданы аумағында екенін көрсетіп тұр деді. Біз бүкіл таныс, туыстарымыздан сұрап шықтық, оны ешкім көрмеген. Хабарын білсеңіздер, айтыңыздар деп әлеуметтік желіге де шығардық. Бірақ, еш хабар жоқ. Учаскелік полиция қызметкері ағамның 8 тамыз күні Атырауға келмегенін айтты. Қалай сонда? Ағам қаладағы вокзалға келдім, қазір таксимен үйге барамын деген еді ғой, - дейді Жанаргүл.
Полиция департаментінің баспасөз хатшысы "АЖ" сауалына былай деп жауап берді:
- Жәбірленуші түсінбеген болу керек, полиция қызметкерлері ағасының телефоны соңғы рет қай жерде қосылулы болғаны туралы айтқан. Із түссіз жоғалып кеткен Азамат Табынбаевтың абоненттік номерінің тұрған жері туралы ақпаратты тексергенде Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, "Ембімұнайгаз" нысанының аймағы деп көрсетілген. Басқа ақпарат жоқ.
Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Айнұр САПАРОВА