Сәрсенбі түнде Мәскеуге жақын жерде Ресей әуе қорғаныс жүйесі екі дронды атып түсірді. Біреуі Домодедов ауданында, екіншісі Минск шоссесі бойында жойылды. Бұл жөнінде Мәскеу мэрі Сергей Собянин мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Оның сөзінше, дрон бөлшектерінен ешкім зардап шекпеген. Оқиға орнында жедел қызмет өкілдері істеп жатыр.
Mash Телеграм-арнасы дрондардың бірін атып түсірген сәтінен видео жариялады. Видео Мәскеу түбіндегі Одинцов ауданында жойылған деп айтылады. Лефортово ауданында болған РБК тілшісі түнгі сағат 3-тер шамасында қатты дыбыс естігенін хабарлады.
Екі дронның жойылғанын кейін Ресей қорғаныс министрлігі растады. Ведомство өкілдері Мәскеу маңында дрондармен "террористік шабуыл" жасау талпынысы болғанын мәлімдеді.
Кейінгі кезде Украинамен шекаралас аудандар ғана емес, Ресейдің орталық аймақтары да дрондар шабуылына ұшырап жатыр. Соңғы айда Мәскеуге осымен дрондар 7-рет шабуылдап отыр. 24 шілдеде бір дрон Лихачев даңғылындағы салынып жатқан бизнес орталыққа, біреуі қорғаныс министрлігі ғимаратына құлаған. 30 шілде мен 1 тамыз аралығында дрондар "Москва-сити" ғимаратын бүлдірген. Сол уақыт аралығында Мәскеудің төбесінен бірнеше дрон атып түсірілген.
Ресей билігі Киевті айыптаған. Украин жағы әдеттегі мұндай айыптауға жауап бермейді.