Атырау, 27 қараша 14:38
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Екеуі жазаланды, ал киіктің мүйіздері жойылады

1 129 просмотра

Атырау қалалық №2 сотында Құрманғазы ауданының екі тұрғынына ҚР ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша үкім шықты. («Киікті немесе оның дериваттарымен, оның ішінде мүйізімен заңсыз айналысу, тасымалдау, сақтау, ірі көлемде залал келтіру»)  

Еске сала кетсек, өткен жылы киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторий 2024 жылға дейін ұзартылған болатын.

Сотта анықталғандай, биыл 2 наурызда екі сотталушы алдын ала келісім бойынша далада қырылып қалған киіктің 2 мыңнан астам мүйізін кесіп, Атырау қаласына жеткізіп, тұрғылықты жерінде сақтаған.

4 наурызда «Браконьер» жедел-профилактикалық шарасы барысында «Береке» шағын ауданындағы үйлердің бірінде тінту жүргізгенде жалпы салмағы 500 келіден асатын киіктің 2 421 мүйізі табылды. Мемлекетке келтірілген шығын 6 миллиард 264 миллион теңгені құрайды. Оларды ұстауға Атырау облысы ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің және ҚР ҰҚК департаментінің қызметкерлері қатысты.

Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушылардың бірі өз кінәсін толық мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраса, екіншісі мойындамай, әрекетінде қылмыс құрамының жоқтығына байланысты ақтауды сұрады және сол ең ұзақ мерзімге жазаланды.

- Сотталушылардың кінәсі тінту хаттамасымен, К.-ның тұрғылықты жері бойынша алынған заттай айғақтар, фото-бейне жазбалар және сот-биологиялық және тауарлық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді, - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сот екеуін де кінәлі деп тауып, 4 және 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, мемлекет пайдасына сотталғандардан 6 миллиард теңгеден астам қаржы өндірілді.

Қылмыстық кодекстің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағындағы санкция бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген:

- Сот жаза тағайындау кезінде сотталушы З.-ның жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін ашық мойындап, өкінгенін, қамқорлығында кәмелетке толмаған 5 баланың болуын, тұрғылықты жері бойынша жақсы мінездеме берілгенін, денсаулық жағдайын ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. К.-ға қатысты оның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. 

Атырау облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының хабарлауынша, тәркіленген киіктің мүйіздері жоюға жіберілді, себебі елімізде оны пайдалануға тыйым салынған.

Айнұр САПАРОВА

9 тамыз 2023, 10:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.