Футболдан ел чемпионатының 18-туры аясында «Атырау» ФК сырт алаңда қарағандылық «Шахтермен» ойнады. Командалар қорғаныста отыра бермей, көптеген қауіпті сәттерді туындатып, екеуара төрт гол соқты. Матчтың қызу өткені сонша, допқа талас болып жатқанда ойыншылар байқаусызда төрешіні «қағып» кетті.
Әдеттегідей «Атырау» шабуылшысы Нсунгуси ЭФФИОНГ жақсы өнер көрсетті. 16-минутта "мұнайшылар" шабуыл жасағанда басы-қасында жүрген ол Игорь ШАЦКИЙДІҢ қақпасына гол соқты. Алаң иелерінің қақпашысы бұл жерде алдымен допты қағып алып, кейін қолынан түсіріп алып оңбай қателесті. Сол Эффионг кері серпілуде бірінші болды – 1:0 атыраулықтардың пайдасына.
31-минутта «Шахтердің» жартылай қорғаушысы серб Стефан БУКОРАТС алыстан теуіп, есепті теңестірді. 41-минутта жартылай қорғаушы Абылайхан НАЗЫМХАНОВТЫ айып алаңында қағып жіберіп, кеншілердің тұрақты айып добын орындаушысы Айдос ТАТТЫБАЕВ командасын алға шығарды. Алайда тағы 13 минуттан кейін «Атырау» легионері украиналық Александр НОЙОК есепті тағы теңестірді – 2:2. Бұл сандар соңғы ысқырық естілгенше таблода көрсетіліп тұрды.
18-турдан кейін 24 ұпаймен «Атырау» турнирлік кестеде 8-ші орында келеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ