Атырау, 27 қараша 14:52
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырауда баланың арқасын "сипағаны" қылмыстық іс көтеруге дейін жеткізді

1 363 просмотра

6 тамызда Атырау қаласының тұрғыны Самал Тұқпатова “АЖ” тілшісіне 4 жасар баласына сот-медициналық сараптама жасата алмай отырғанын айтып шағымданды. Ұялы телефон арқылы хабарласқан ана 4 тамызда кешке жақын балабақшадан келген баласының киімін ауыстырып жатқан кезде оның денесінен көгерген іздерді көргенін айтады. Баланы балабақшадан әжесі алып келген, ал денесіндегі жарақат туралы үйдегі келіннен естіген. Самал бірден мән-жайды білу үшін балабақша директорына хабарласқан. 

- Менің ЗПР диагнозы бар балам “Зейнеп - Әмина” балабақшасына барады. Баланың арқасындағы көгерген, қызарған іздерді желшешек деді. Мен желшешек бүкіл денеге шығатынын айттым. Одан кейін тәрбиешінің көмекшісі арқасын сипап едім, содан болар деді. Тар киім кигізіпсіз деп, өзіме кінә артты. Мен бейнекамераға түскен видеоны сұратып едім, оны жоқ деді. Директор маған тәрбиеші мен оның көмекшісі екеуіне 15 мың теңгеден айыппұл салайын немесе жұмыстан шығарып жіберейін дейді. Бұл не жауап? - дейді Самал.

Бұдан соң ол баласын облыстық ауруханаға апарған. Онда травмпунктіде балаға “жұмсақ тіндерінің зақымдалуы” деп жазып берген.

Кейін учаскелік полиция инспекторына хабарлаған. Самал учаскелік полицейдің баланы сот-медициналық сараптамадан өткізу керек екенін айтпағанына таң қалды. Ол “Мен 20 жастағы жас анамын, мұндай жағдайға бірінші рет кезігіп отырмын - ол неге заңды жолын айтып, бағыт сілтемеді?” дейді.

Кейін үйге барған соң, қалалық полиция басқармасына арыз түсірді.

- Онда маған сараптама жасай аласыз деді. Бірақ қолыма ештеңе бермеді. Қазір прокуратураға келіп тұрмын. Үш сағат өтсе де, әлі сараптамаға жіберген жоқ. Балам сөйлей де алмайды, жылай да алмайды. Мен өзім елде ЗПР емдейтін, дұрыс қарайтын орталық болмағасын жыл сайын өз қаражатым есебінен 1,5 млн теңгеге Бішкекке апарып емдетіп келіп отырмын. “Арқасынан сипағанда жылаған жоқ” дейді, оны сонда жылағанша сипау керек пе еді? - дейді Самал.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл жағдай бойынша комментарий жариялады: “Атыраудағы "Зейнеп - Әмина" балабақшасындағы жағдайға байланысты мәселенің тиісті орындар бақылауында екендігін айтқым келеді. Жағдайды жан-жақты зерделеу бойынша Атырау облыстық білім беру басқармасы, Атырау қалалық білім бөліміне тапсырмалар бердім. Бала құқығы және қауіпсіздігі басты назарда болу керек. Сондықтан, баламен жұмыс жасайтын кез келген мекеме ең алдымен жауапкершілікті сезінуі тиіс”.

Біз “Зейнеп - Әмина” балабақшасының әдеуметтік желідегі парақшасында көрсетілген ұялы телефон номеріне екі рет хабарластық, өшірулі болды. Одан кейін Атырау прокуратурасы мен полициясының баспасөз қызметіне жүгіндік.  

Прокуратурада сараптаманы полиция тағайындайды деп жауап берді. 

Атырау қалалық полиция басқармасы былай деп хабарлады: "5 тамызда азаматша қаладағы балабақшалардың бірінде баласын тәрбиеші мен бала күтуші арқасынан шымшып, дене жарақатын салды деп арызданды. 6 тамызда ҚР ҚК-ның 140-бабының 2-бөлігі бойынша "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" бабымен іс қозғалды. 

Айнұр САПАРОВА

8 тамыз 2023, 11:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.