Мысырда Мәмлүк мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының ұлы перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы тойланады. Бұл туралы Атырау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл ЖОЛАМАНОВ брифингте мәлім етті.
Бұл атаулы күнге халықаралық ғылыми зерттеу конференциясын, «Ерлігі ерен ер бабам!» республикалық ақындар айтысын, «Дала барысы – Мысырдың Бейбарысы» тақырыбында суретшілердің республикалық симпозиумын өткізу жоспарланып отыр.
Аталған шаралар қазан айының алғашқы он күндігінде өтеді.
Ал екінші он күндігінде Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театры ұжымы Мысыр елінің астанасы Каир қаласына барып, Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклін сахналайды.
Ә. Жоламанов Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдық мерейтойынан өзге, М.Өтемісұлының 220 жылдығы және күйші Құрманғазының 200 жыл толуына орай да бірқатар республикалық шара өтетінін жеткізді.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған суреттер