Жыл басынан бері облыс көлемінде 800-ден аса спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 150 мыңнан астам адам қатысты. 2025 жылға дейін Атырау облысында бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысушылар саны 50%-ға жетеді деп жоспарланды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек ҚОСПАНОВ мәлім етті.
- Бүгінде аймақта 9 кәсіби спорт клубы жұмыс істейді. Яғни, волейбол, баскетбол, футбол, шағын футбол, хоккей, бокс клубы, мүгедектер спорт клубы, су спорты түрлері клубы, ұлттық спорт түрлері. 1000 адамға шаққанда халықтың спорт инфрақұрылымымен орташа қамтамасыз ету деңгейі 38,2%-ды құрап отыр. 2027 жылға дейін 26 спорт кешенінің құрылысын салу арқылы бұл көрсеткішті екі есе көбейту жоспарланып отыр, - деді Д.Қоспанов.
Жалпы өңірде спорт нысандарының саны 1 217-ні құрайды. Биыл Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Бүгінде сегіз спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, төрт нысан қайта жаңғыртылып жатыр. Оған қоса, спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен қала маңындағы Жаңаталап ауылында спорт кешенін салу жоспарланған.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет