Отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының төңірегінде болып жатқан келеңсіздік бала тәрбиесінде (тәрбие деуге келетін болса) өте күрделі мәселелердің бар екенін көрсетеді. Ол жерде болған жағдайды «АЖ» редакциясына келген «Шаңырақтың» бұрынғы қызметкерлері айтып берді. Солардың бірі – Мәрияш ДОСАЛИЕВА (суретте – оң жақта). Осы жылдың ақпан айында балалар ауылының сол кездегі директоры Гүлсара БОТАТАЕВА оны тәрбиеленушілерді ұрды деп айыптаған еді. Алайда Досалиеваның өзі мұның жала екенін айтып, жарты жылдан астам уақыт бойы ақиқатқа қол жеткізе алмай жүргенін алға тартады.
М.Досалиеваны жыл басында сынақ мерзімі кезінде жұмыстан босатқан. Ол бұл шешімді жарамсыз деп тану және жұмысқа қайта қабылдау туралы шағыммен сотқа жүгініп, жақында оның талабы қанағаттандырылған. Бұдан басқа, ол балаларға қол көтерген Ботатаеваның өзі екенін айтып, полицияға арыз жазған. Біраз уақыттан кейін Досалиеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша қозғалған қылмыстық істің қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлаған.
Досалиева неліктен өзімен көзбе-көз беттестірмегенін және кейбір бұрынғы қызметкерлер мен Ботатаеваның қол көтергені туралы бір тәрбиеленушінің берген айғақтары еленбегенін түсінбей дал.
– Мәрияш сабырлы, мейірімді әйел. Балалар оны жақсы көреді. Оның жақсы атына кір келтіріп жатқанын көру бізге де ауыр. Біз оны сотта қолдауға дайынбыз. «Шаңырақтың» бұрынғы директоры Гүлсара Ботатаеваның тәрбиеленушілерге қатыгездік жасағанын көрген куәгерлеріміз бар, – дейді Мәрияш Досалиеваны қолдау үшін редакцияға келген әйелдер. – Тіпті біреуі тергеу ісіне айғақ берді. Өткен жазда 15 жасар қызды ұрып-соққаны туралы айтып отырмыз, оның арқасын көгертіп қойған, фотосуреттері бар. Бірақ тергеу мұны ескермеді. Неліктен?
«Қолдау тобы» – балалар ауылы тәрбиешісінің бұрынғы көмекшісі Орал АХМЕТОВА, бұрынғы медбике Сәуле РИЗУАНОВА және осы тақырыппен көп айналысқан белсенді Дәрігүл БАҚТИЯРОВА. Олар Ботатаеваның жасөспірімді қалай ұрғанын өз көзімен көрген тәрбиешінің есімін де атады.
Біз оған қоңырау шалдық. Ол бұрынғы әріптестерінің айтқанын растады.
Орал Ахметова «Шаңырақта» 2010 жылдан 2022 жылдың күзіне дейін 12 жылға жуық еңбек еткен. Ботатаева балалар ауылына 2012 жылдың тамыз айында келген, содан бері, Ахметованың айтуынша, балаларды ұрып-соғу, «қолайсыз» қызметкерлерді қудалау орын алған.
– Бұл жылдар бойы жалғасты. Көбі көрсе де, одан қорқып, үнсіз қалды. Ал қарсы болғандар қудаланды, - дейді Орал Ахметова.
Сәуле Ризуанова 2022 жылдың наурыз айынан тамыз айына дейін «Шаңырақта» медбике болып жұмыс істеген. Ол жұмыс орнының ауылдан бөлек орналасқанын, балалардың қалай ұрып-соққанын көрмегенін, бірақ тәрбиеленушілердің шағымдарын өз құлағымен естігенін айтады.
«АЖ» тілшісінің «Досалиеваның жала жабу туралы арызы бойынша неліктен іс қозғалмады?» деген сұрағына 14 шілдеде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі «қазір мән-жайды анықтау жұмыстары жүріп жатыр» деп хабарлады.
Содан кейін комментарий алу үшін Г.Ботатаеваның өзіне хабарластық. Ол телефон арқылы «тергеу жүріп жатқандықтан, сұхбат бермейтінін» айтты. Іс тоқтатылған болса, енді қандай тергеуді айтып отыр? Мән-жайды айқындау үшін сәл шегініс жасайық.
Осы жылдың ақпан айында «НеМолчи.kz» қорының жетекшісі Дина ТАҢСӘРІ әлеуметтік желіде тәрбиеленушілердің ұрып-соғатыны туралы бірінші болып хабарлаған болатын. Сол кезде балалар құқығын қорғау жөніндегі «150» сенім телефонына 16 жастағы жасөспірім телефон соғып, өзін және басқа балаларды «Шаңырақ» балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваның ұрып-соққанын хабарлаған. Сол кезде, ақпан айында «АЖ» комментарий алу үшін Г.Ботатаеваның өзіне жүгінді. Ол бұл айыптауды мойындамай, тәрбиешінің бірі балаларға қол көтеретінін, сол үшін оның жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Кейін, өздеріңіз білетіндей, «кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау туралы» іс тоқтатылды.
Бірақ шілде айының басында әлеуметтік желіде 16 жастағы «Шаңырақтың» сол тәрбиеленушісі Ботатаева мен кейбір тәрбиешілерге тағы да шағымданған видео пайда болды. Басқа жәбірлеумен қатар, оның айтуынша, тәрбиешілердің бірі оны унитаздан су ішуге мәжбүрлеген.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі қазір осы атышулы видео негізінде Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы» деп аталатын 140-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын және сараптама тағайындалғанын хабарлады.
Осы арада қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара ЗАКИЕВА Атырауға арнайы ат басын бұрды.
Мекемеге барғаннан кейін ол Facebook желісіндегі парақшасында балалар арасында жүргізілген анонимді сауалнама және бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеу нәтижелері туралы хабарлады: «Екі тәрбиеші тарапынан қол көтеру орын алған, балалар көп уақыт ас үйде өздері қалған, кейбір тәрбиеленушілер арасында жанжал болған, түнгі уақытта балалар ауылында бөтен ересек ер адам жүрген және басқа да заң бұзушылықтар болған».
Сондай-ақ, ол тексеріп, әрі қарай шара қолдану үшін ақпаратты облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВКЕ хабарлағанын, одан кейін прокуратураға жолданатынын жеткізді.
Өз кезегінде Жасұлан Бисембиев «Шаңырақта» камераларды көбейтіп, оларды білім беру басқармасына қосып, тұрақты бақылауға алатындықтарын хабарлады.
11 шілдеде «Шаңырақ» директорының міндетін атқарушы болып Қасым МҰҚАШЕВ тағайындалды. Бұған дейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында, Дағдарыс орталығында, балалар үйінде ұзақ жылдар жұмыс істеген. Бұған дейін Ботатаева кеткеннен кейін оның орынбасары болған Тамара ЕСЕНТУРОВА директордың міндетін атқарды. Қазір ол бұрынғы қызметінде.
7 шілдеде Т.Есентурова балалар ауылындағы жан түршігерлік жағдайды айтқан дәл сол жасөспіріммен тікелей эфирдің видеосын жариялады. Бұл видеода ол әлеуметтік желіде тарап кеткен видеоның ақпан айында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында түсірілгенін айтады. Ол сол кезде күйзелісте болғанын және өзінің рұқсатынсыз жылап отырған кезінде түсіріп алғанын айтады.
Қазіргі таңда балалар ауылының директоры лауазымына конкурс жарияланды.
«Шаңырақта» 3 пен 18 жас аралығындағы 60-қа жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленіп жатыр.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор