Атырау, 27 қараша 17:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Шаңырақтағы» жанжал: тәрбиеленуші директордың қол көтергеніне шағымданды

1 022 просмотра

Жақында зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдайтын «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында Атыраудағы отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылында балалардың соққыға жығылғаны туралы хабарлады. Ол балалардың құқығын қорғау жөніндегі «150» сенім телефонына ұл баланың телефон соғып, осы ауылдың директоры 9 бен 16 жас аралығындағы балаларды ұрып-соққаны туралы хабарлағанын жазады. Басқа балалардың да соққыға жығылғаны хабарланған.

23 ақпанда Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде балалар ауылы туралы ақпараттың таралу дерегі бойынша ҚР ҚК 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттемелерді орындамау»). бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«АЖ» түсініктеме алу үшін «Шаңырақ» отбасылық балалар ауылының директоры Гүлсара БОТАТАЕВАҒА жолықты. Оның айтуынша, тәрбиешінің бірі балаларға қол көтерген, ол қазір жұмыстан шығарылған. Директор оны бастапқыда 2017 жылы оның бала тәрбиелеу «әдістерін» білген кезде жұмыстан шығарғанын, ал былтыр қарашада кадр тапшылығына байланысты жалғыз өзі балаларды игере алмаған басқа тәрбиешінің қолқалауымен оны қайтадан жұмысқа алуға мәжбүр болғанын айтады.

– Жыл бойы Enbek.kz порталында бос жұмыс орындарын жариялаймыз, оны маған бір қызметкер балалармен жұмыс жасау тәжірибесіне сүйене отырып ұсынды. Тәрбиешілер жетіспегендіктен келістім. Өзімнің балаларды ұрып-соғуым мүмкін емес. Менің директор ретіндегі функционалдық міндетім – балаларды тәрбиелеуге жағдай жасау, мен олармен тікелей жұмыс істемеймін. Бірақ егер тәрбиеленуші бағынбаса, бұзақылық жасаса, онда тәрбиешілер оны маған әкеледі, кейде оларға ұрысамын, ескертемін, үйретемін. Бізде, ауылда қатал болмаса болмайды. Бірақ ешқашан ешкімге қол көтерген емеспін, – дейді Г.Ботатаева. – Қазір бұл тәрбиешінің мені орнымнан алып тастасын деп, балаларды маған қарсы қойғаны белгілі болды. Оны жұмыстан шығарғаным үшін кек алған. Жасөспірім осы жылдың 9 қаңтарында «150» нөміріне телефон соққан. Ал 10 қаңтарда бізге полиция, прокуратурамен бірге ҚР Білім министрлігіне қарасты балалардың құқығын қорғау комиссиясы келді. Мен 10 қаңтарға дейін еңбек демалысында болдым, сондықтан бұл тәрбиеші мені жұмыстан шығару үшін осының бәрін ұйымдастырды деп ойлаймын. Өзін 1 ақпанда сынақ мерзімінен өтпеуіне байланысты жұмыстан шығардым. Ол келіспей, менің үстімнен еңбек инспекциясына арыз жазды, бірақ бәрі заңды болып шықты. Осыдан кейін ол әлеуметтік желіде мені балаларға қол көтерді деп жалған ақпарат таратып, менің мәліметім бойынша, маған жала жапқаны үшін балаларға  60 мың теңгеден беремін деп уәде еткен. Шын мәнінде өздері құлаған немесе бір жерлерін соғып алған, соны балаларды мен ұрып-соқты деп жала жауып отыр. Балаларға солай қарайтын құбыжық емеспін. Жасөспірімдердің қайсысы сенім телефонына қоңырау шалғанын білемін - бұл әйел оған сол үшін ақша уәде еткен. Оның бойы менен екі есе ұзын, мен оны қалай соғамын? Ал мен оның оқуына көмектестім, оны APEC-те оқуын жалғастыруына көндірдім ...

«Шаңырақ» директорының айтуынша, қазір ауылды прокуратура мен білім сапасын бақылау департаментінен келген комиссиялар тексеріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалған, сондықтан ол бұдан артық ештеңе айта алмайды:

– Құзіретті органдар ақ-қарасын анықтайды деп үміттенемін.

Айнұр САПАРОВА

26 ақпан 2023, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.