АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа сейсенбі күні қылмыстық айып тағылды. Америка ақпарат құралдарының жазуынша, ол Трамптың 2020 жылы президент сайлауында жеңілгендігін мойындағысы келмеу ниетімен байланысты, деп жазады Azattyq.org.
Трампқа арнайы прокурор Джек Смит жүргізген тергеу негізінде айып тағылған.
Төрт пунктіден тұратын айыптау актісінде Джо Байденнің жеңісін Конгреске растауға мүмкіндік бермес үшін Трамптың ресми тұлғалармен астыртын сөз байласқаны жазылған.
Құзырлы органдарға жауап берген ресми тұлғалар Трамптың сайлаудағы "жаппай дауыс бұрмалаушылықтар" туралы жалған мәлімдемелерге сүйене отырып өздеріне қысым жасағанын айтқан. Трамптың жақтастары 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолий ғимаратына басып кірген. Олар Конгреске Байденнің жеңісін растауына кедергі жасаған.
Трамп қылмыстық айып тағылған алғашқы АҚШ-тың бұрынғы президенті. Ол айыптардың "саяси астары" бар деп көрсетуге тырысып жатыр.
Алдағы бейсенбі күні ол федералдық сот алдында жауап береді.