Биыл Жылыой ауданы бойынша 20 (Құлсары қаласында 13) орта мектеп 16 мыңнан астам оқушы қабылдайды. Алайда екі мектеп әлі де дайын емес.
Қосшағылдағы мектеп: жарлары дайын, бірақ тоқ жүргізуді ұмытып кеткен.
Бұл ретте Қосшағыл ауылындағы №2 және Құлсары қаласындағы №18 мектеп туралы айтылып отыр.
Қосшағыл орта мектебі былтыр оқушыларды 4 ауысымда оқытып, өлмешінің күнін кешті. Сенесіз бе, 320 орындық мектепте 900-дей оқушы оқиды екен. Кейбір пәннен сынып бөлмелерінің жетіспеуінен сабақ онлайн форматпен өтті. Әрине, бұл жағдай білім сапасына әсер етті. Бұған ата-аналар наразылығын білдірді:
- Білім сапасына еш әсер етпейді дейді, бірақ баланың сабағы нашарлағанын көріп отырмыз. Екі мектептің бар оқушысы құрқылтайдың ұясындай бастауыштың тап-тар бөлмесінде төрт аусыммен оқытылып отыр. Оның үстіне сабақтың уақыты қысқартылып, 35 минут өтеді. Осының бәрі білім сапасының нашарлауына әкеледі емес пе? Әрине, бұл жерде ұстаздар мен мектеп басшылығының кінәсі жоқ. Алайда жергілікті биліктің бұл жағдайға немқұрайлы қарағаны, жауапкершілік танытпағаны қынжылтады.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА шілдеден бастап негізгі мектеп құрылысы жүреді деп сенімді түрде уәде берген болатын. Одан бері бір ай өтті, мектепте жөндеу жүрген жоқ. Әкімдік те, келген депутаттар да дым бітіре алмады - биыл тағы да төрт аусыммен оқиды ма деген жалғыз сұраққа жауап бере алмай отыр олар.
- ...Бұл не масқара! Жасалды деген интернат пен бастауыш мектептегі кафельдер бір жылға жетпей сынып, есіктері жарамсыз болды. Сыртқы аулалар ашық-тесік күйде, егілген талдарды мал жеп жатыр. Жауапсыз мердігердің кесірінен оқушылар мен мұғалімдер зардап шегіп отыр, - дейді наразы болған ата-аналар Гүлжан ШАНЕН мен Жұмабек НҰРЖАНОВ.
"АЖ" тілшісі мектепке аяқтай барып, көрген-білгені мынадай жағдай болды: жалпы Қосшағылдағы негізгі, бастауыш мектеп, интернат ғимараттары бөлек-бөлек қатар орналасқан. Сиықсыз мектеп ғимараты бірнеше жылдан күрделі жөндеу көрмеген, ал оған бюджеттен 548 млн 706 теңге бөлінді. Белгілі болғандай, «SCS Инжиниринг» ЖШС бастауыш мектеп жөндеуін 2022 жылдың 31 қазан, негізгі мектеп пен мектеп-интернатты 30 қарашада аяқтаймыз деп мектеп әкімшілігімен келісім шартқа отырған. Бірақ ЖШС ол уәдесінде тұрмады. Айналғанда тапсырыс берген мектеп әкімшілігі өз мерзімінен кешіктіріп, жұмысты жүргізе алмаған «SCS Инжиниринг» ЖШС-мен келісім шартты бір жақты бұзу, жосықсыз қатысушы деп тану арызымен Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына арыз берген. Сот шешімімен жоқсықсыз қатысушы деп танылған ЖШС-мен келісім шарт бұзылды. Енді басқа мердігер бітпеген жұмысты аяқтамақшы. Десек те негізгі мектепке барғанда жым-жырт тыныштыққа куә болдық.
Біз барғанда мектеп директоры Айгүл МҰҚАНОВА да аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша ҚАҚПАНБАЕВА да кезекті еңбек демалысына шығып кеткен. Директордың міндетін атқарушы Айгүл ҚАЗАҚПАЕВА негізгі мектепте жөндеу жұмысының басталмағанын жеткізді. Екі қабатты мектепте ток жүйесі жүргізілмеген, терезелері орнатылмаған, сыртқы қаптама жұмыстары жартылай жасалып, аяқталмаған. Сынып бөлмелері мен ұзын дәліздің қабырғаларына сылақ жұмысы жүргізілгенімен ток жүйесін тарту кейін еске түсіп, қабырғаларды тесіп, жасалған жұмыстар еш кеткен. Әктеу жұмысы қайтадан жүргізілмекші.
...Бастауыш мектеп интернаттағы есіктердің сапасы нашар болғандықтан кейбірі тесіліп, тұтқалары жарамсыз болса, қабырғалардың сылақтары түсе бастаған. Жалпы мектептің сапасы өте нашар күйде.
- Жақында Қосшағылдағы №2 бастауыш мектепте жөндеу жұмыстарын жасайтын конкурстың жеңімпазы анықталды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова. - 83 млн теңгеге жұмыстарды атқару үшін мектеп әкімшілігі мен Түркістандық "ДианаА" ЖШС-мен келісім шарт жасалып жатыр, жұмысшыларды жергілікті жерден жұмысқа шақырғымыз келіп отыр...
М.Сатыбалдиев атындағы мектеп: тек бір бөлігі жөнделген
Құлсары қаласындағы №18 Меңдекеш Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін 1568 орындық мектеп 1991 жылы пайдалануға берілгеннен бері күрделі жөндеу көрмеген. Биыл мектепке 703 млн теңге бөлініп, шатыр, ток, жылу, канализация жүйелерін ауыстыру, есік, терезесін жаңалау, сынып бөлмелерін қырып сылап, кафель, линолеум төсеу, сыртқы абаттандыру жұмыстарын жүргізу белгіленген. Жалпы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары тапсырысшы мен мердігердің арасындағы келісімшарт бойынша шілденің 9-да бітуі тиіс еді.
Жалпы мектеп үш блоктан тұрады. Мердігер «ГрандСтрой» ЖШС бір блок жұмысын бітіре келді. Мектептің барлық жиһазы, үстел мен парталар төрт қабатты мектептің дәл алдында үйіліп тұр.
- Шатыр толық ауыстырылған жоқ, терезе салу 64, еден 46, жарды қырып тегістеу 81, ток 70, канализация жүйесі 50 пайызға орындалып тұр. Жөндеу ісінің кеш басталуы біздің кінәмізден болды, мердігерге мектепті дер кезінде босатып бере алмадық, - дейді мектеп директоры Алтынгүл ИБРАЕВА. - Емтихандар өтті, оны тоқтата алмаймыз. Ал мердігер оқушылар мектепте болмағанда ғана жұмыстарын жүргізе алады. Мектептің сыртқы абаттандыру жұмысы жүре берер, ішкі жөндеуін жаңа оқу жылына дейін бітіріп берсе деп отырмыз.
«ГрандСтрой» ЖШС-нің учаске бастығы Асқар ТАСКУЛОВТЫҢ айтуынша, құрылыс материалдарында кідіріс жоқ, 50-шақты адам еңбек етіп жатыр. Қосымша жергілікті жерден жұмысшылар алынып, түнгі аусыммен де жұмыс жалғасып жатыр.
- Қосшағылдағы және Құлсарыдағы М. Сатыбалдиев орта мектептері жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдай алады деп үміттеніп отырмыз, - деп қорытындылады сөзін Г.Айшуақова.
Үміт үзілмейді деген...
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор