Комиссия энергетиктердің жұмысында ешқандай заң бұзушылық жоқ деп танып, оларға муниципалдық электр желілерін беруді ұсынды. Бұл ретте тұтынушылардың өздеріне де «күш салды».
Еске салсақ, былтыр қараша айының басында президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Атырау облысы жұртшылығымен кездесу барысында өңірдің энергетика саласындағы, оның ішінде «Атырау Жарық» АҚ проблемаларына назар аударды. Ол тіпті «егер компания өз міндеттемесін орындамаса, онда онымен келісімшартты бұзу керек» деп мәлімдеді. Желтоқсанда облыста энергия тасымалдаушы компанияның «ағымдық жағдайы мен атқарылған жұмыстарын анықтау мақсатында» комиссия құрылды.
«АЖ» сауалына жауап берген облыс әкімдігінің энергетика және ТКШ басқармасы нәтижесінде комиссияның «Электр энергетикасы туралы» Заңның 13-1-бабын басшылыққа алып, «бірыңғай қызмет көрсететін ұйымның жоқтығына байланысты авариялық ажыратулар орын алатынын ескеріп», «Атырау Жарыққа» коммуналдық меншіктегі электр желісін сенімгерлік басқаруға беру, ал бұл желіге қызмет көрсету шығындарын қолданыстағы тарифке қосу ұсынылғанын хабарлады.
Одан әрі жеке меншіктегі желіге қатысты оларды техникалық тексеру мен жөндеуден өткізу міндетін тұтынушылардың өз мойнына жүктеу, ал оның орындалуын бақылауды Атом және энергетикалық қадағалау комитетіне қайтару ұсынылған.
Комиссия ұсыныстары қайда, қашан және кімнің тарапынан қаралатыны хабарланбайды. Кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару жоспарда жоқ. «Уәкілетті органдар ұсынған құжаттарды зерделеу кезінде комиссия «Атырау Жарық» АҚ-ның мемлекет алдында жекешелендіру бойынша міндеттемелері жоқ екенін анықтады. Сондай-ақ, талдау нәтижесі бойынша инвестициялық міндеттемелерді орындау бойынша бұзушылықтар анықталмады», - делінген басқарманың жауабында.
Лев ГУЗИКОВ