Атырауда мемлекеттік тілді қолдану ережесін бұзған екі мейрамхана жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
- Жыл басынан бері қазақ тілін қолдану ережесін бұзған екі мейрамханаға ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды, - деді Ж. Бисембиев.
Оның сөзінше, соңғы кездері Атырау облысы әкімдігіне қала тұрғындары атынан қоғамдық орындарда, әсіресе мейрамхана мен кафелердегі көрнекі ақпаратта, соның ішінде ас мәзірлерінде мемлекеттік тілді заңдылық талаптарға сәйкес пайдаланбау фактілері туралы шағым көп түсіп жатыр.
- «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес, басқа да көрнекі ақпараттармен бірге, ас мәзірлері мемлекеттік тілде - орыс және айталық, ағылшын тілдерінде де ұсынылуы керек. Сондықтан, халыққа қызмет көрсетуші кәсіпкерлер Тіл туралы және Тұтынушылардың құқығын қорғау заңдары аясында қызмет көрсетуге міндетті екенін еске салғым келеді, - деп жазады Ж. Бисембиев.
Айнұр САПАРОВА