Аймақ басшысы Серік ШӘПКЕНОВ жергілікті тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініш-пікірін тыңдады. Баспанамен қамту, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, жаңа жобаларды қолдау мәселелері сөз болды.
Жеке қабылдауға келгендердің арасында Арман ШЕРІПБАЕВ пен Нұрдәулет ҚҰМАРҒАЛИ бар. Олар авторлық «Еңбек қауіпсіздігі мәдениеті мен қызметкер этикасының алдын алу» инновациалық жобасына серіктес іздейтінін айтып, облыс әкімінен қолдау көрсетуді сұрады.
- Біздің жоба әр түрлі салада жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге психологиялық, медициналық және заң тұрғысында көмек көрсетеді. Басты мақсатымыз — қауіпсіз және ыңғайлы жұмыс орнын ұйымдастыру. Осы ретте жоба аясында «Slack» мобильді қосымшасын жасадық. Мұнда қызметкер кез-келген уақытта өз проблемасымен онлайн-чатқа жүгіне алады, онда оған әр түрлі саладағы маман білікті көмек көрсетеді. Осылайша, өндірістегі төтенше жағдай саны азаяды және өнімділік артады, - деді А.Шеріпбаев.
С. Шәпкенов жоба авторларына қажетті қолдау көрсететінін айтып, өңірдегі «Теңізшевройл» ЖШС, «NCOC» компаниясы өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастыратынын жеткізді. Бұл ретте қараша айына дейін жоба туралы толық видео мен презентация дайындап, қорғау үшін жан-жақты талдау жасау керек.
Тұрғындармен кездесуге жауапты басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілі қатысты. Олар азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті кеңес берді.
Азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрады. Оларға баспана заң аясында кезек бойынша берілетіні түсіндірілді.
Облыс әкімі бүгінге дейін 50 қабылдау өткізіп, 600-ге жуық тұрғынды қабылдады. Сондай-ақ, аудандарға жұмыс сапары барысында 300-ге жуық тұрғын жеке қабылдауға келді.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Атырау облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Байланыс нөмірі: 8 (7122) 31-99-82
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет