Атырау, 27 қараша 15:51
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атыраудағы азаптау ісі бойынша полицейлер соты: «Басыма пакет кигізіп, тұншықтырды»

1 402 просмотра

Cот отырысы №2 қалалық сотта 11 шілдеде басталды, оған судья Зәуре ҚАЗАҚБАЙ төрағалық етіп отыр. Бұл отырыста прокурор айыптау актісін жария етті.

Бұдан бұрын жәбірленуші Руслан ҚУАНЫШҚАЛИЕВ азаптау фактісі жөнінде прокуратураға арызданған. Оның айтуынша, осы жылдың ақпан айында оны қалалық полиция басқармасының бес жедел уәкілі азаптаған. Оның құқығын сотта адвокат Рысты ҚАЛИЕВА қорғап жатыр.

Қуанышқалиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қорғауында және осы іс бойынша ешқандай ақпарат жария етпеу жөнінде келісімге қол қойған. 

Айыптау орындығындағы бес полицей сотта бұдан былай құқық қорғау органдарында жұмыс істемейтіндерін айтты: төртеуі жұмыстан бұйрықпен шығарылған, біреуі өз еркімен кеткен. Бүгінде оның екеуі үйқамақта, үшеуі басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен жүр. Оларды адвокаттар Руслан ЖАКУПОВ пен Аслан ЖОЛБОЛОВ қорғайды.

Айыптау актісін оқыған прокурор Абадан МАМЫРОВ айыпталушыларға қатысты ҚР ҚК 146-бабы («Азаптау») бойынша  айып тағылғанын хабарлады. Егер анағұрлым толық айтсақ, 146-бапта айтылғандай, бұл «тергеушінің, жауап алуды жүзеге асыратын тұлғаның немесе басқа лауазымды адамның азапталушыдан мәлiмет алу немесе мойындату мақсатында тән зардабын және (немесе) психикалық зардапты қасақана жасауы».

Айыптау актісінде экс-полицейлер өзара сөз байласып, Қуанышқалиевқа айыпты мәжбүрлеп, қорқытып мойындату мақсатында қасақана психикалық зардап шектіріп, қатігездікпен азаптағаны айтылады. 

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, азаптау кезінде Қуанышқалиев дене жарақатын алған, оның сол жақ құлағының дабыл жарғағы зақымданған, сол жақ көзінің аумағы жарақаттанған. Сотта ол полицейлердің бірі аяқтарын басып тұрып, екіншісі басына пакет кигізіп, тыныс алуын шектегенін, шешкен кезде оның жұдырықпен көзінен ұрып, басынан тепкенін айтты.

Бұдан бөлек, Руслан Қуанышқалиев айыпталушының әрқайсысынан 1 млн теңгеден өндіруді талап етіп, азаматтық талап-арыз түсірді.    

Ақпан айының басында Қуанышқалиевты үйінен полиция алып кетіп, бір адамды ұрып-соқты деген айып таққан. Қуанышқалиев сотта бұл оның жақын танысы екенін, оның соққыға жығылғанын біреуден естігенін айтты.

Айыпталушылар айыппен келіспеді. Сот жалғасып жатыр.

Айнұр САПАРОВА

28 шілде 2023, 14:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.