Ресей президенті Владимир Путин жынысын ауыстыруға тыйым салатын заңға қол қойды. Енді ресейліктерге мұндай оталарды тек медициналық себептерге байланысты жасауға болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тиісті құжат құқықтық актілер жарияланатын ақпарат порталында жарияланған.
Құжат бойынша медициналық араласулар мен оның ішінде жынысты өзгертуге бағытталған препараттарды қолдануға тыйым салынғаны атап өтілген.
Мұндай процедуралар мен дәрмектер тек дәрігерлік комиссия тағайындайтын "туа біткен ауытқуларды, балалардың жыныс мүшелерінің қалыптасуына байланысты генетикалық және эндокриндік ауруларды" емдеу процедуралары кезінде ғана қолдануға рұқсат етіледі.
Ал неке қию мекемелері өз жазбаларына медициналық қорытынды болған жағдайда ғана өзгерістерді тіркейді.
Егер ерлі-зайыптылардың бірі жынысын өзгертсе, неке бұзылады. Сонымен қатар, жынысын өзгерткен адамға бала асырап алуға тыйым салынады.
Заңның нормалары күшіне енгенге дейін жынысын өзгерткендерге қолданылмайды.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Евгения Котова Федерация Кеңесінің Әлеуметтік саясат жөніндегі комитетінде заң жобасын талқылау барысында мәлімдегендей, құжат азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзбайды. Оның айтуынша, АХАЖ органдары 2018-2022 жылдар аралығында азаматтардың жынысын ауыстырғаннан кейін құжаттарына екі мыңға жуық өзгеріс енгізген.