Атырау, 23 қараша 19:33
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Лукашенко: "Вагнерліктер" Батысқа, Варшава мен Жешувке экскурсия жасағысы келеді

780 просмотра

23 шілдеде Константинов сарайындағы кездесу кезінде Ресей басшысы Владимир Путин Украина қарулы күштерінің қайта шабуылы "сәтсіздікке ұшырағанын" айтса, Беларусь басшысы Александр Лукашенко "вагнерліктер" Варшаваға экскурсия жасағысы келеді деді, деп жазады Azattyq.org.

Кездесу Санкт-Петербург түбіндегі Стрельна қаласында өтті. Екі жетекші Ресей-Беларусь қарым-қатынасының дамуы, одақ аясында интеграциялық әрекеттерді талқылайтыны хабарланған.

"Россия" телеарнасының тілшісі Павел Зарубин келіссөзден видео таратты. Кездесу басында Лукашенко [Украина армиясы] "қайта шабуылға шыққан жоқ" деді. Ал Путин "ол болды, бірақ сәтсіздікке ұшырады" деді. Олардың сөзінен ТАСС агенттігі үзінді келтіреді.

Өз кезегінде Александр Лукашенко Беларуське шоғырланған "Вагнер" жасағы "алаңдата бастағанын", себебі олар "Варшаваға экскурсия жасағысы келетінін" айтқан.

"Бәлкім, айтудың да жөні жоқ шығар, бірақ айтамын. Бізді вагнерліктер алаңдата бастады. [Олар] "Батысқа барғымыз келеді. Рұқсат етіңіз" дейді. "Батыста не істейсіңдер?" десем, "Варшава, Жешувке экскурсия жасағымыз келеді" дейді" деді Лукашенко.

"Белта" басылымының жазуынша, Лукашенко Путинмен кездесуге "шекараға шоғырланған поляк әскері" туралы карта әкелген. Лукашенконың айтуынша, поляк бригадаларының бірі Брест қаласынан шамамен 40 шақырым жерге, тағы бірі Гроднодан 100 шақырым жерге орналасқан.

Кездесу кезінде Лукашенко орыс пен белорус үкіметтеріне өз күштеріне сене отырып, экономикалық жоспар әзірлеуді ұсынған.

ЧВК "Вагнер" негізін қалаушы Евгений Пригожиннің бүлігінен кейін 23-24 маусымда әскери жеке компанияның Беларуське кететіні хабарланған. Жалдамалы әскерге үйлеріне қайтып, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыру немесе Пригожинмен бірге Беларуське кету ұсынылған.

14 шілдеде Беларусь қорғаныс министрлігі вагнерліктер елге келгенін мәлімдеді. "Вагнерге" жақын "Разгрузка Вагнера" Телеграм-арнасының хабарлауынша, Беларуське 10 мыңға жуық жалдамалы әскер келген немесе келуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін Беларусь қорғаныс министрлігі Польшамен шекараға жақын жерде "Вагнер" жасағымен бірігіп жаттығу өткізгенін хабарлаған. "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин Беларусьтегі вагнерліктерді жылы қарсы алған. Оның айтуынша, жалдамалы әскер әзірге Украинадағы соғысқа қатыспайды. Ол белорус армиясынан "әлемдегі екінші армия" жасайтынын айтқан.

23 шілде 2023, 23:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.