Атырау, 23 қараша 19:31
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мәскеуде Донецкідегі сепаратистердің бұрынғы жетекшісі Игорь Стрелков ұсталды

678 просмотра

Ресейдің күштік құрылымдары 21 шілдеде Донецкідегі сепаратистердің бұрынғы жетекшілерінің бірі, запастағы ФСБ полковнигі Игорь Стрелковті (Гиркин) ұстады. Оған "экстремизмге жария түрде шақыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп жазады Azattyq.org.

Стрелковтің Telegram-арнасында әйелі Мирослав Регинская хабарлама жариялады. Әйелінің айтуынша, тергеу комитетінің қызметкерлері жұма күні түсте үйіне келіп, күйеуін алып кеткен. Пәтерде тінту жүргізіп, кешке оны Мәскеу сотына жеткізген.

Стрелковке нақты қандай жайтқа байланысты айып тағып отырғаны белгісіз. Кейінгі кезде ол Ресей билігін бірнеше рет қатаң сынаған, алайда Владимир Путин билігін құлатуға да қарсы екенін айтқан.

Кей ақпаратқа қарағанда, оны Ярославль муниципалитетінің бұрынғы депутаты, "Вагнер" тобының хирургы Дмитрий Петровскийдің арызынан кейін ұстаған. "Яринформ" агенттігіне берген сұхбатында Петровский 4 күн бұрын Стрелковтің үстінен арыз жазғанын растаған.

Петровскийдің айтуынша, Стрелков Украинада орыстар жағында соғысып жатқан жалдамалы әскерге көмек деп ақша жинағанмен онысы үшін есеп бермейді. Алайда арыз жазуына Стрелковтің Ресей президентін сынауы түрткі болған.

Петровскийден бөлек, полицияға Мәскеу тұрғыны да арызданып, Стрелков "армия беделіне нұқсан келтірген болуы мүмкін" екенін айтқан.

  • Игорь Стрелков — Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қызу қолдаған адамдардың бірі. Ол Ресей билігі мен қорғаныс саласының басшыларын майдандағы сәтсіздіктері үшін қатаң сынаған. Ол қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовті ұнатпайтынын ашық айтқан.
  • Стрелков ЧВК "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожинді де сынап, кәсіпкерді "бұрынғы қылмыскер әрі малай" деп атап, оны қоғам алдына шығармау керек деп мәлімдеген.
  • Қарашада Гаага соты Стрелковті 2014 жылы малайзиялық "Боинг-777" жолаушылар ұшағының апатына кінәлілердің бірі ретінде танып, сырттай өмірлік түрме жазасына кескен. Ұшақ апатынан 298 адам опат болған. Стрелков өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Украинаның тергеу органдары оны терроризм және өзге де әскери қылмыстарға қатысы бар деп санайды.
22 шілде 2023, 09:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.