Атырау, 27 қараша 16:58
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жылыойлық 30 оқушы Алматыдағы жазғы лагерьде демалуда

Сурет
1 093 просмотра

Биыл «Теңізшевройл» (ТШО) кәсіпорны енгізген Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында Алматы қаласындағы Қазақ-Британ техникалық университетінің базасында ұйымдастырылған жазғы лагерьге Жылыой ауданының 30 оқушысы аттанды. Олар ағылшын тілін оқып, «Python» бағдарламалау тілін және робототехниканы үйренеді.

12-16 жас аралығындағы 30 оқушы Алматыға 14 шілдеде ұшып кетсе, тағы да 30 оқушы тамыз айында аттанады. Олар Алматы облысы Талғар ауданы Іле-Алатау ұлттық паркіндегі жазғы лагерьде ағылшын тілін тереңдетіп оқып, қазіргі сұранысқа ие пәндерді оқиды.

Құлсары қаласының №4 мектебінің оқушысы Ақтілек Бегей демалыс пен білімді ұштастыратынына қуанышты екенін айтады:

- Мен бұрын-соңды Алматыға барған жоқпын, ұшаққа да мініп көрген емеспін. Осындай мүмкіндікке ие болғанымызға қуаныштымыз. Сол себепті «Теңізшевройл» компаниясына алғысымды білдіргім келеді. Әрине, бұл лагерь менің есімде мәңгі қалады, - дейді Ақтілек.

Жадыра Таласованың айтуынша, жазғы уақытта көп балалы отбасында балаларға демалыс ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ, сол себепті баласы екі апта Алматыда тегін демалады деген жаңалықты естігенде қатты қуанған.

- Компания барлық шығынды мойнына алды. Балаларымыз демалып қана қоймай, пайдалы тәжірибе, жаңа білім алатынына сенімдімін. Өте қатты қуаныштымын. Күзде сабаққа барғанда осы демалысты достарына айтып, қуанып жүретін болды,  - дейді көпбалалы ана Жадыра Таласова.

Табиғаты әсем жерде орналасқан лагерьде температурасы бақыланатын бассейн, футбол алаңы, аспалы парк, планетарий мен обсерватория, ойын және спорт алаңдары, түрлі үйірме клубтары мен сауықтыру кешендері, ипподром орналасқан. Осының барлығы жылыойлық балаларға қолжетімді болады. Қолайлы ауа-райы кезінде барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тәжірибелі ұшқыштардың көмегімен әуе шарымен ұшып, квадроциклмен серуендеу де жоспарланып отыр. Сондай-ақ балалардың тағамдарына ерекше көңіл бөлген.  

- Қазақта «Берсең, балаға бер» деген жақсы сөз бар. Осы саяхаттың арқасында жылыойлық мектеп оқушылары жазғы демалыстарын пайдалы өткізіп, жаңа білім алады деп сенемін. Біз балалар мен олардың ата-аналары үшін өте қуаныштымыз. Осы жаз олардың есінде ұзақ сақталады деп ойлаймын. Бұл сапардың Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын ерекше атап өткім келеді. Оның аясында біз ауданда STEAM-зертханасын аштық, биыл күзде де жылыойлық балалар Астанада өтетін робототехникадан жарысқа барады, - деді ТШО Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.

Айта кету керек, «Теңізшевройл» компаниясы биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы жылдар ішінде компания бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды, соның ішінде Құлсары қаласында 3000 орындық орталық стадион салу, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы құрал-жабдықтар, инватакси және спортпен шұғылдануға және би билеуге арналған арбалар сыйға тартты.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

ТШО баспасөз қызметі жолдаған суреттер

24 шілде 2023, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.