Атыраудағы мектеп бітіруші түлектерге педагогика ғылымдары бойынша 283 грант, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыты бойынша 49 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына 561 грант, инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы бойынша 607 грант бөлінді. Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан ЕМЕЛБАЕВ мәлім етті.
Үміткерлер жалпы грант конкурсына да құжат тапсыра алады. Бірақ нысаналы грант арқылы талапкер төрт қаланы және сол қаладағы барлық жоғары оқу орындарын белгілеуге мүмкіндігі бар.
- Бұл тек қана Атырау облысының түлектеріне бөлінген грант. Алайда ата-аналар бұны «Серпін» бағдарламасымен шатастырып жатады. Осы ретте айтарым, нысаналы грантпен оқу бітірген сол өңірде қалу немесе мамандық бойынша үш жыл жұмыс істеу шарты қойылмайды. Бүгінде талапкерлердің басым бөлігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен педагогика ғылымдары мамандығын таңдап жатыр. Сондай-ақ құжат тапсыру кезінде бірқатар жеңілдік те қарастырылған. Гранттың 5 пайызы көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған, асыраушысынан айрылған санатқа бөлінді. Өткен жылдан бастап ауыл мектептерінен шыққан түлектерге 35 пайыз квота тағайындалды, - деді Р. Емелбаев.
Анықтама үшін: Атырау облысында 2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты 6300-ге жуық оқушы аяқтады. 5300-ге жуығы ҰБТ-ға қатысып, оның 80 пайызы шекті баллды жинап, грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алды.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет ӨКҚ