Исатай ауданындағы ауылдарда құм көшкіні жайы өте күрделі жағдайда қалып отыр. Секесеуіл егіп, бұл қиындықтан шығудың жолын қарастырғанымен ол шаруа да оқсамай тұрған көрінеді.
Толассыз көшкен шағылдар әлсін-әлі тұрғын үйлер мен қора-жайларды басып қалып жатыр. Жергілікті билік шама-шарқынша техника күшімен көмектескенімен ол да тығырықтан шығудың жолы болар емес. Жел күндері сусыған құм көшкіні көз көрсетпес шаңды дауылдармен ауыл айналасын демде басып қалады.
- Отырған үйімізді, ауламызды басып қалмау үшін техниканың күшімен аршығанымен бес-алты күнде ол құм қайта іргені басып жатқаны. Билік сексеуіл егіп құм көшкінін тоқтатамыз дейді, онысы да орындалмай жатыр, - деп қынжылады жергілікті тұрғындар.
Республикалық «Атырау-Астрахан» тас жолының екі қапталында орналасқан Забурын мен Исатай ауылы тұрғындарының көрген күні осы. Толассыз көшкен қызыл құм 1300 тұрғыны бар Забурын ауылын тығырыққа тіреген. Ауыл адамдары табиғаттың қаталдығына төтеп бер алмауда.
МЕРДІГЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ШАЛА
Исатай ауылында да жағдай күрделі. 2021 жылы бюджет қаржысынан 115 млн теңге бөлініп, 26875 дана сексеуіл егу жұмыстары жүруі тиіс болған. Келісім шартта көрсетілгендей, мердігер «Гемакасес» ЖШС 9 гектарды қоршау, қамыс бөгетін жасау мен сексеуіл көшетін отырғызу жұмысын 2022 жылдың тамызында аяқтап тапсыруы тиіс болатын. Алайда мердігер жұмысын толық аяқтамаған болып шықты.
- Сонда қыруар қаржы жұмсалған сапасыз жұмысты ешкім тексермей ме, - дейді наразы болған исатайлықтар.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан ЖАНТОҚОВ:
- Мердігер өткен жылы Исатай ауылында 9 гектарға сексеуіл егу жұмыстарын аяқтап, тапсыруы тиіс болатын. Жасыратыны жоқ, олар жұмысты жартылай орындады. Күн ыстық болғасын жұмысты толық аяқтамай тоқтатып тастады. Осыған орай мердігер кепілдік хат берген еді, онда олар күзден жұмыстар жүретініне толық сендіріп отыр. Егер «Гемакасес» ЖШС уәдесінде тұрмаса, жосықсыз қатысушы деп тану және келісім шартты біржақты бұзу жөнінде сотқа береміз.
«АЖ» анықтамасы: Жалпы облыста құм тоқтату жұмыстары жалғасуда. 2022-2023 жылдарға Құрманғазы ауданы Үштаған ауылында 10 гектар жерге 9370 дана сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстары жүрсе, бұған жергілікті бюджеттен 113 млн теңге бөлініп отыр. Исатай ауданы Нарын ауылында 8 гектар жерге құм тоқтату жұмыстарын жүргізу үшін жұмыс жобасы жасақталуда. Қызылқоға ауданы Сағыз, Қарабау, Қаракөл, Жасқайрат, Бүйрек ауылдарында 32,45 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызудың сметалық жобасы жасақталуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сүрет пен бейнежазбаны түсірген автор