Нұрсая ықшамауданындағы №109 үйдің ауласына жеке кәсіпкер азық-түлік дүңгіршегін тұрғызған. Оған наразы болған тұрғындар жиналып, салынған дүңгіршекті алып тастауды талап етті.
Пәтер иелерінің айтуынша, жеке кәсіпкер балалар ойнайтын алаңға іргетас құйып, аз уақыттың ішінде дүңгіршек салып тастаған. Жаңа орынжай көлік тұрағына да кедергі келтіріп отыр дейді тұрғындар.
- Балалардың ойнайтын жеріне ешкімнің құрылыс жүргізуіне құқығы жоқ. Онымен қоса ауламыз тар, үйіміздің дәл алдына салып қойды. Енді бұл кәсіпкерлік нысан бізге кедергі болып тұр. Тіпті ешбір тұрғынның рұқсатын алған емес, - дейді төрт жыл бұрын пайдалануға берілген №109 үйдің тұрғыны.
- Балалар ойнайтын жерді жаңартып, футбол алаңын салып берсін деп жүргенде орнына осы дүңгіршекті салып тастады. Одан бөлек үйдің алдымен көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Жасанды кедергілер жоқ. Жақында көрші үйдің баласын көлік қағып кетті, - дейді Жанат СЕЙТЖАН. - Менің ойын жасындағы 3 балам бар. Далаға шығып кетсе, терезеден көз алмаймыз. Өйткені қауіпті. Бұл үйде үлкен кісілер мен мүгедектер де тұрады. Мәселеміз әкімдіктегілердің құлағына жетсе екен дейміз.
Атырау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жұмабек ЖҰМАҒАЛИЕВ "АЖ" сауалына былай деп жауап берді: "2023 жылдың 29 маусымында №1031 «Эскиздік жобасына» келісім берілді. Нұрсая ықшам ауданы №109 үй маңы мекенжайындағы көлемі 0,0020 га болатын кәсіпкерлік мақсаттағы жеңіл конструкциялық сауда дүңгіршігін орнату үшін жер тілімі 3 жылға берілді. Атырау қаласы әкімінің 2022 жылғы 10 қарашадағы №2559 қаулысына сәйкес аталған жер көлемі жеке кәсіпкерге тиесілі. Барлығы заң жүзінде".
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор