Атырау, 2 мамыр 11:17
 ашықВ Атырау +23
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары қашан толық іске қосылады

531 просмотра

«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау мұнай өңдеу зауытында 3 шілдеде электр қуатын өшірілген еді. Кейін онда технологиялық режим толығымен қалпына келтірілді. Зауыттағы параметрлер тұрақтанып, жанар-жағармай өндіру мен оны жөнелту жұмыстары қалпына келтірілді», - деді Д. Макеев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол Павлодар мұнай-химия зауытындағы жөндеу жұмысына тоқтала келе: «Қазір мұнайды бастапқы өңдеудің бірінші қондырғысын іске қостық. Содан кейін штатты режимдегі өнімділікке жеткізетін қалған өнеркәсіп нысандары кезең-кезеңмен іске қосылады», - деді.

Оның айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытында жылу алмастырғыш қондырғыны жөндеу аяқталды.

«Қазір ондағы қондырғы іске қосылды. Қазір технологиялық параметрлерді тұрақтандыру жүріп жатыр. Зауыт жұмысы штатты режимге шығып келеді», - деді компания өкілі.

Тілшілер Д. Макеевтен Павлодар және Шымкент зауыттары нақты қай кезде штатты деңгейде өнім өндіретінін сұрады.

«Зауыттағы қондырғылар (Павлодар зауыты) бірден іске қосылмайтыны түсінікті. Қазір біз жөндеудің бірінші кезеңі аясындағы қондырғыларды іске қостық. Яғни жабдықтар кезең-кезеңмен жұмысын бастайды. Барлық технологиялық қондырғыларды іске қосу шамамен екі аптаға созылады. Дегенмен Павлодар зауытында қазірдің өзінде тауарлық өнім өндіру үшін тиісті компонеттерді шығару басталды. Сондықтан өнімді жөнелту қалыпқа келтіріледі», - деді ол.

Дмитрий Макеевтің сөзіне қарағанда, Шымкент мұнай өңдеу зауыты бойынша осы аптаның соңына дейін өндіріс жұмысы толық тұрақталады деп жоспарланған.

Еске салсақ, Атырау мұнай өңдеу зауыты 3 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 17:25-те жұмысын тоқтатты. Оған «KEGOC» АҚ тарапынан электр энергиясының өшірілуі себеп болған.

7 шілдеде ондағы жанар-жағармай өнімдерін шығару жұмысы қайта жанданды.

Бұдан бөлек, 3-14 шілде аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысы катализаторды регенерациялауға және каталитикалық риформинг қондырғысын іске қосу үшін жоспарлы түрде тоқтатылды.

Маусым айында Павлодар мұнай-химия зауыты бір ай жөндеуге жабылғаны хабарланды.

18 шілде 2023, 12:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.