Иран билігі әйелдерге орамал тағып, хиджаб киюді міндеттейтін заң нормаларын бақылайтын "әдеп полициясын" қайта жандандыруды көздеп отыр, деп жазады Azattyq.org.
Кей ақпараттарға қарағанда, Иран қалаларында "әдеп полициясының" көліктері байқала бастаған.
Азаттық радиосының Иран қызметі - Радио Фарда "әдеп полициясының" әлдебір әйелді ұстағаны туралы видео жариялап, пікір жазғаны үшін белгілі актер Мохаммад Садегиді қамап тастағаны жайлы жергілікті БАҚ-қа сілтеп жазды.
Тегеран билігімен байланысы бар жергілікті газеттердің бірі "Садеги құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қару қолдануға шақырды" деп жазған.
Ирандағы "әдеп полициясы" 2022 жылы Махса Әмини есімді 22 жастағы қыздың өлімінен кейін басталған жаппай наразылық митингілерінен кейін тоқтатылған. "Хиджабты дұрыс кимеген" деп айыпталған Махса Әмини полиция бөлімінде соққыға жығылып, ауруханада өлген.
Полицияға қарсы ұрандатқан қарсылық акциясы бірнеше айға созылып, күшпен басылған. Кемі 500 адам өліп, ондаған мың адам қамауға алынған.