Атырау облысының ондаған бөлігіндежол құрылысын жүргізіп жатқан «Атырауинжстрой» ЖШС мекемесі, жол құрылысы жұмыстарының барысын таныстырып, журналистер мен қоғам белсенділетіріне баспасөз турын ұйымдастырды.
Алдымен қала сыртындағы компанияның асфальт-бетон зауытының, дайын өнім шығару процесімен таныстық. Толық автоматтандырылған зауыттың қуаты күніне шамамен 1000 тоннаға жуық асфальт шығарады.
Асфальт-бетон зауытының механигі Ерден БАЙЗЕНОВТЫҢ айтуынша, зауыт 3 түрлі (ірі түйіршікті, уақ түйіршікті және жаяу жүргінші жолына арналған) асфальт шығарады.
- Асфальт өндіруге дайындық жұмыстарына ерте көктемде, наурыз айының басында кірісеміз, ал сәуір айының бірінші онкүндігінде дайын өнім нысандарға жөнелтіледі, - дейді Е.Байзенов. - Зауыт бірінші аяз түскенге дейін үздіксіз жұмыс істейді. Мәселен, өткен құрылыс маусымында қараша айының бірінші онкүндігінде соңғы асфальтті жөнелттік.
Ерден Байзенов асфальттың беті тегіс әрі су өткізбеу қабілеті жоғары болу үшін оның құрамына қосылатын қоспаларды да таныстырып өтті.
Мамандардың айтуынша, қазір зауытта 137 мың тоннаға жуық инертті материалдар (ПГС), әртүрлі көлемдегі қиыршық тас, минералды ұнтақ және т.б. жинаулы. Бұл қор алдағы 1,5-2 айда жұмысты тоқтатпай жүргізуге жеткілікті.
Зауыттың бас технологы Әлімхан ЖҰМАШЕВ:
- Аптасына 4-5 рет 40 вагонға жуық состав материал келеді. Битумды Ақтаудан алдырсақ, шебень мен ПГС Ақтөбеден жөнелтіледі. Ол жақтың зауыттарында да біздің лобарант мамандар бар, олар бізге жіберілген шикізаттың сапасын тексеріп тиеп отырады.
Одан соң С.Датов көшесін жаңғырту жұмыстарының барысымен таныстық. Бұл учаскедегі құрылыс жұмыстарына 20 арнайы техника мен 24 жұмысшы жұмылдырылған. Қайта қалпына келтірілуі тиіс 4690 метр жолдың 2022 жылы 1500 метрі жөнделген. Биыл сәуірде 900 метрі жоспарлы жөндеуге жабылса, жақында оның 600 метр аумағында жұмыс аяқталып, жол көлік қозғалысы үшін ашылды.
Учаске бастығы Жанарбек ҚҰСПАНҒАЛИЕВ:
- С.Датов көшесі бойынша міндеттелген жұмыс ескі асфальтты алып жаңадан төсеу және жолдың енін кеңейту болып табылды. Бұрын жаяу жүргіншілер жолы жолдың бір жағында болса, жаңа жолда екі жақ бетіне 1,5 метр жүргіншілер жолы өрнектастармен орнатылуда. Ескі жолдың ені 12 метр болса, енді 14 метрге ұзарып, екі қатарлы 4 жолақты болады.
Бүгінде компания облыстың 10 елді мекенінде жол құрылысын жүргізуде. Атап айтқанда, Индер ауданындағы Өрлік ауылында, Махамбет ауданындағы Жалғансай ауылында жол күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, С.Датов көшесі, Азаттық даңғылы және Қызылқоға ауданындағы Индер-Қарабау тас жолдарында жұмыстар жүріп жатыр. Қала маңындағы ауылдар да назардан тыс қалған жоқ: олар Геолог, Еркінқала, Қайыршақты селолық округтері.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор