Облыстық балалар ауруханасына Түркия елінен LIV Hospital клиникасының балалар хирург-ортопеды, доцент, медицина ғылымдарының докторы Шенол БЕКМЕЗ келді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Түрік дәрігері мұнда күрделі ота жасаған. Науқастың диагнозы - «туа біткен ақаудың асқынуы». Шенол Бекмез жергілікті дәрігерлермен бірге сан сүйегінің остеотомиясы мен сан сүйегінің мойының ұзарту оталарын өткізді.
- Мен мұнда Атырау облыстық балалар ауруханасының шақыртуымен келдім. Біз әріптестерімізбен және жергілікті балалар ортопеді Болат Есназаровпен ота жасадық. Келгендегі басты мақсатым - тәжірибе жүзінде мастер класстар өткізіп, тәжірибе алмасу. Кешегі ота 14 жастағы қызға жасалды. Ота өте сәтті, жақсы өтті. Алдағы уақытта жағдайы жақсарып кетеді деген үміттеміз, - деді Ш.Бекмез. Облысымызда осындай үлкен мүмкіндіктің пайда болғанына ең алдымен ота жасалған қыздың анасы риза болды.
- Мен 14 жастағы Меруерт Сәрсенованың анасымын. Қызыма туылғаннан «врожденный вывих» диагнозы қойылған. 5 айынан бастап дәрігерлерге қаратып келе жатырмын. Ташкент, Алматыға апардым. Бұдан бұрын үш ота жасалды. «Стамбулдан дәрігерер келді» деп, дәрігерлер маған хабарласқан болатын. Келіп, келісім беріп, төртінші отаны жасаттым. Аллаға шүкір, ота сәтті өтті. Қызыммен сөйлестім. Жағдайы жақсы, - деді А.Сәрсенбаева.
Бүгінде облыстық балалар ауруханасында тағы бір кішкентай науқасқа ортопедиялық ота жасауға дайындалып жатыр. Бұл туралы облыстық балалар ауруханасының балалар ортопед травматологы Болат Есназаров мәлімдеді.
- Балалар ортопедиялық отасы - өте күрделі оталардың бірі. Қиын отаны шетелден мамандармен тәжірибе алмасу барысында жасап отырмыз. Шетелден мамандарды шақырудағы себеп, өзіміз көріп, тәжірибе алмасу арқылы өзіміз ота жасауды жоспарлау, - деді Б.Есназаров. Отадан соң, шетелден келген мамандар ауруханада жатқан науқастарға кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Айта кетейік, облыстық балалар ауруханасы басшылығы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында жылына 3-4 рет шетелден мамандар шақырып, шеберлік сабағын өткізіп келеді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер