Исатай мен Махамбет алаңы және Жайықтың қайта жаңартудан өткен оң жағалауы енді кәсіпкерлік қызмет көрсетіп жүрген тұлғаларға заңдастырылып беріледі.
Атырау қалалық қаржы бөлімі Исатай мен Махамбет алаңының 27 бөлігін (паровоз, спорттық батут, тир, балалар машинасы, скутер, сигвей, соққы аппараты, аттракцион, велосипед, попкорн, балмұздақ, сусындар, тәтті мақта қызметіне пайдалану мақсатында) жалға беру бойынша тендер жариялады. Тендер қорытындысы жақын күндері белгілі болады. www.gosreestr.kz веб-порталына жарияланған хабарламада кәсіпкерлерге берілетін 27 орынға қажетті аумағына байланысты әр түрлі баға белгіленген. Мысалы нысанды скутер, сигвей қызметін көрсету мақсатында пайдалану үшін айына жалға алу 2 038 теңге болса, тәтті мақта, сусындар, попкорн, балмұздақ қызметін көрсету мақсатында пайдалану 3 261 теңге, балалар машинасы қызметін көрсету мақсатында пайдалану 12 226 теңге, аттракцион қызметін көрсету мақсатында пайдалану 20 377 теңге.
Ал Жайықтың оң жақ жағалауында орталық көпір мен АМУ аралығындағы жағалау алаңының жалпы ауданы 201 ш.м. құрайды. Ол қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің балансында.
Жалға беру Ұлттық экономика министрлігі бекіткен «Мемлекеттік мүлікті жалға беруге беру қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Жалға алуға қатысу үшін www.gosreestr.kz сайтында тіркеліп, «Жалдауға ұсынылатын объектілер» деген батырма арқылы өтіп, Атырау қаласын таңдап, өтінім беру қажет. Өңдеу уақыты бес жұмыс күнін құрайды. Егер бір ғана өтініш беруші болса, Атырау қаласы әкімдігінің шарттарына сәйкес онымен шарт жасалады, көп болса тендер өткізіледі. Тендер өткізу туралы қосымша ақпаратты 8 (7122) 25-05-29 және 8 777 342 3313 телефондары арқылы алуға болады.
Атырау қалалық қаржы бөлімінің бас маманы Нұрдәулет ДЮСУПОВТЫҢ айтуынша, бұл алаңдарда саудасын жүргізіп тұрған кәсіпкерлердің «жабайы» әрекетін біркелкілендіру үшін жасалып отыр. Яғни кәсіпкерлер өзі тұрған аумағын таза ұстауға, белгіленген режиммен қызмет көрсетуге, қауіпсіздікке жауапты болады.
Дегенмен әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұл қызметтің заңдастырылуына қарсы пікірлер бар. Мәселен, Ақмарал: «Соны алып тастасын деп шулап жатса, тендер өткізгені несі»?, Фатима: «Жеңіс саябағынан да осындай уақ ойын-сауық, батут, машиналарды алып тастауларыңыз сұраймыз! Тып тыныш серуендегіміз келеді», деп пікір қалдырған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор