Тоқаев онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады. Заң БАҚ-та жарияланған кейін 60 күннен соң күшіне енеді.
Заң онлайн платформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Атап айтқанда, желіде жалған ақпарат таратқаны үшін қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілік енгізілген. Интернет-платформалардың қарапайым пайдаланушылары үшін айыппұл 20 АЕК (2023 жылы 69 мың теңге), ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін 40 АЕК (2023 жылы 138 мың теңге) болады.
Онлайн платформалардың интерфейстері мемлекеттік тілде болуын міндеттеу жоспарлануда.
Сондай-ақ, онлайн сайттардың басшылары жалған ақпаратпен және салық төлеуден жалтарумен күресу мақсатында мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге міндетті болады.
Сондай-ақ, интернет-сайттарды пайдаланушылар өз парақшаларында орналастырылған интернет-жарнамаларды белгілеп, жалпы өз қызметін кәсіпкерлік заңнамаға сәйкес жүргізуге міндетті болады.