Мәжіліс спикері, "АМАNАТ" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Түркістан облысында болып, бірқатар өндіріс жұмысымен танысып, тұрғындармен сөйлесті.
Палата спикері "Қарызсыз қоғам" жобасына қатысушылармен кездесті. Жоба қаржылық сауаттылықты арттырып, қаржыны дұрыс жұмсауға үйретеді. Жобаны өңір тұрғындары жоғары бағалап отыр. Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазір елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы бар. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде. Бүгінде бұл мәселе мемлекет деңгейінде көтерілді.
– Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан "AMANAT" партиясы "Қарызсыз қоғам" жобасын қолға алып отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бүкіл ел бойынша 80 мыңға жеткізіледі, – деді Мәжіліс төрағасы.
Жалпы Палата спикері Президенттің саясаты мен "AMANAT" партиясының жобалары арқасында бүгінде ауылдағы белсенді азаматтар үшін жаңа әрі үлкен мүмкіндіктерге жол ашылғанын атап өтті.
– Партияның жобалары халыққа заң шеңберінде қарыздан құтылуға, қаржылық сауаттылықты үйренуге көмектеседі. Біраз ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып жатыр. Олар да халықтың игілігіне беріледі. Біздің міндетіміз – халыққа балық емес, қармақ беру, – деді Мәжіліс төрағасы.
Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылындағы Д. Қаратаевтың шаруашылығы – осының айқын дәлелі. Қарызы көп, тұрақты жұмыс орны жоқ ауыл тұрғыны "Қарызсыз қоғам" жобасы бойынша оқып, кейін "Ауыл аманаты" жобасымен 4 млн теңге несие алған. 8 сауын сиыр сатып алып, сүт өндірісін жолға қойып отыр. Қазір Данияр Қаратаевтың тұрақты табысы бар.
Мәжіліс спикері Сайрам ауданы Ақсукент ауылындағы 1200 оқушыға арналған "Әл-Фараби" атындағы мектепке барды. Бұл білім ордасын 2022 жылы өңірге белгілі меценат, партия ардагері Низамхан Сулайманов жеке қаражатына салып берді. Меценат өз ауданында осындай 7 мектеп салдырған.
– Түркістанда өткен соңғы Құрылтайда Президентіміз жауапты азаматсыз Әділетті Қазақстанды құру мүмкін емес екенін айтты. Бұл адам ел игілігі жолында адал еңбек етіп, туған жердің дамуы үшін барын салып жүр. Ол өзінің нағыз патриот екенін сөзімен емес, ісімен дәделдеді. Сайрам өңірінің кәсіпкерлері – осы жауапты азаматтың жарқын үлгісі, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Ауылда кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған "Ауыл аманаты" жобасы талқыланды. Жоба аясында облыс бойынша қатысушылардың орташа айлық табысын 1,5 есеге ұлғайту жоспарлануда.