Индербор кентінде бұдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген спорт және балалар ойын алаңы істен шығып, жарамсыз құрылыс санатына кірді. Тұрғындар тарапынан «Бюджеттің қыруар қаржысына салынған бұл алаң неліктен бұзылды, кім жауапты?» деген сауалдар «АЖ» поштасына түскен болатын.
Анықтап көрейік. Тайсойған және Д. Қонаев көшесі қиылысына жалпы аумағы 1609 шаршы метр, құны 36 млн 318 мың теңге болатын спорт және ойын алаңын салу 2020 жылы басталды. Мердігер «Бахан» ЖШС 2021 жылдың қыркүйегінде оны пайдалануға берген болатын. Жергілікті тұрғындар демалыс орнын сыйлаған әкімдікке қуанғаннан алғыс айтумен болды. Бірақ онысы көпке бармады.
- Үлкен түгілі балалардың баратын жері болмай, қиналып жүретінбіз. Замануи үлгіде салып берді, қуандық. Балалар алаңсыз футболын ойнап, түрлі жаттығуларын осы жерде жасап, мәре-сәре болып жүретін. Кешке шығып, демалып отыратынбыз. Бүгінде бюджеттің қыруар қаржысына салынған бұл алаңды бұзып жатыр. Айтуларынша, кәріз құбыры осы алаңның астында жатыр екен. Сол кездегі аудан әкімі мен мамандар қайда қараған? Қай жерде стратегиялық нысанның (газ, су, жылу, канализация құбырлары) жатқаны картада көрсетілмейтін бе еді? Енді не болды, әп-әсем салынған ойын алаңын жарамсыз етті, - дейді тұрғындар.
Айтса айтқандай, ойын алаңының қақ ортасында үлкен шұңқырлар пайда болған.
- Аталған спорт алаңының астымен 7 метр тереңдікте Индербор кентіндегі орталық көшелерде орналасқан көп қатарлы тұрғын үйлерден ағып келетін орталық кәріз желісі өтуде. Кәріз желісінің осы жылдың наурызында істен шыққаны анықталды. Соның салдарынан футбол алаңының ортасы опырылып түсіп, балалардың қауіпсіздігіне қатер туғызған еді. «ИндерСу» КМК мамандары диагностикалық бейнебақылау құрылғысымен тексергенде спорт алаңының астындағы диаметрі 200 мм болатын полиэтилен құбырдың бір-бірінен ажырап кеткенін анықтады, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИН. - Апаттық жұмысты қалыпқа келтіру үшін маусым басталғалы жер қазуды қолға алдық. Жұмыс жалғасып жатыр.
- Бұдан кейін спорт алаңын пайдалану мүмкін бе?
- Апаттық жұмыстар аяқталғаннан кейін орны тегістеледі. Бірақ қазылған орынның жанындағы балалар ойын алаңы пайдаланудан қалады. Ал футбол алаңын қалпына келтірудің еш мүмкіндігі жоқ.
- Спорттық ойын алаңы орналасқан жерде орталық кәріз желісі жатқаны алдын-ала белгілі болмады ма? Қай жерде стратегиялық құбырдың жатқаны аудан картасында көрсетілмейтін бе еді?
- Бұл құрылысты жүргізу үшін жерін таңдауда кент әкімі аппараты алдын-ала зерделеу жұмыстарын жүргізу арқылы шешімін шығарған болатын. Орталық кәріз құбыры жатқаны жөнінде «ИндерСу» КМК басшылығы неге рұқсат бергенін түсінбедім.
Бәрі әдеттегіше екен.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор