Облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, сала мамандарын айтулы күнмен құттықтады.
- Балық шаруашылығы – аймақ экономикасында өзіндік орны бар, тұрмыстық-шаруашылық, тарихи мән-мағынасы жоғалмаған ата кәсібіміз ғана емес, береке-байлығымыз болып отыр. Атырау өңірінің балығын өсіріп, оны қорғау мен молайтуға аянбай үлес қосып жүрген сіздердің қиындығы мен қызығы қатар жүрген еңбектеріңіз толайым табысқа толы болсын дей отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, құт-береке тілеймін! - деді М.Мурзиев.
Жиында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Балық шаруашылығы саласында еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағы «Амангелді» ЖШС көлік жүргізушісі Хасан Мұсаев пен Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Атырау балық инспекциясы бөлімінің жетекші маманы Григорий Ефановқа берілді.
Сондай-ақ саланы дамытуға үлес қосқан бірқатар қызметкерлерге «Балық шаруашылығы саласында мінсіз қызметі үшін» құрметті атағы мен «Балық шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет грамотасы табыс етілді. Сонымен қатар бір топ мамандар облыс әкімінің, қала әкімінің, облыстық мәслихаттың және қалалық мәслихаттың алғыс хаттарымен марапатталды.
Дайындаған Ляззат ҚАРАЖАНОВА
Cурет ӨКҚ