Украина президенті Владимир Зеленский Франция президенті Эммануэль Макронмен телефонмен сөйлескенде "Запорожье атом электр станциясында Ресей әскері аса қауіпті арандату жасауға әзірленіп жатқанын" айтқан, деп зажады Аzattyq.org.
"Жағдайды МАГАТЭ-мен бірге мейлінше қатаң бақылауда ұстауға келістік",- деп жазды Зеленский Twitter парақшасына.
Зеленский кешкі видео үндеуінде Украина барлау қызметі Ресей әскері Запорожье АЭС-індегі бірнеше энергоблоктың шатырына "жарылғыш затқа ұқсас зат қойғанын" анықтағанын мәлімдеді.
"Станцияны атқылады дегісі келетін болар немесе басқа да сценарий ойластырып жатқан шығар. Бірақ қалай болғанда Запорожье АЭС-іне жалғыз қауіп Ресей екенін әлем көріп отыр, көрмеуі мүмкін емес" деген Зеленскийдің сөзін Reuters агенттігі таратты.
Бұған дейін НАТО әскери комитетінің басшысы адмирал Роб Бауэр Запорожье атом электр станциясына диверсия жасалатын болса, "экологиялық апат шеңберінен шығып кететін апат болады, халықаралық деңгейге жайылады" деп мәлімдеген еді. Бауэр мұны Британияның LBC радиостанциясына берген сұқбатында айтқан.
Украинаның "Энергоатом" компаниясы шілденің төртіне қараған түні ЗАЭС негізгі желіден 750 кВ электр қуатын ала алмай қалғанын хабарлаған. Қазір резервтегі желіден 330 кВ қана тоқ алып тұр.