Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен өткен отырыста білім беру нысандарындағы күрделі жөндеу жұмыстары, мектептердің құрылысы және оқу ордасындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды.
Алдымен жиында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл БАЙДОШЕВ өңірдегі 10 білім беру мекемесінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары туралы баяндама жасады.
- 2022 жылы алты мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 2 млрд 145 млн теңге қаралды. Оның үшеуінің жөндеу жұмыстары әлі күнге аяқталған жоқ. Осы жылы сегіз мектеп, бір балабақша мен «Барыс» клубы күрделі жөндеуден өтеді,- деді Т.Байдошев.
Облыс әкімі мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктіріп жүрген мердігер мекемелердің жұмысына прокуратура жан-жақты талдау жүргізіп, жұмыс істемейтін мердігерлерді жосықсыз деп тану қажеттігін айтты.
- Бұл мектептерді жөндеуге бөлінген мемлекеттің қаражаты қайда кетіп жатыр? Мұны облыстық прокуратура анықтауы керек. Жұмсалған әр тиынның есебі болуы тиіс. Білім беру мекемелерінің қаншама қызметкері құрылыс аяқталғанын күтіп отыр? Біз оларды орнынан босата алмаймыз. Түрлі сылтау қабылданбайды. Егер мердігер мен жобалаушы мекеменің қателігі болса, оны анықтау қажет. Ал білім беру басқармасының кінәсі болса, оған да шара қолдану керек, - деді С.Шәпкенов.
Содан кейін мектептердің құрылысы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ баяндама жасады. Қазіргі таңда Атырау облысында 37 мектеп салу туралы тапсырма берілді. Бүгінде 5 мектептің құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Өңірімізде 7270 орындық 15 мектептің құрылыс-монтаждау жұмыстары құрылыс басқармасының тапсырысымен және 4000 орындық 2 мектептің құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі аясында жүріп жатыр.
Қауіпсіздік мәселесі де қозғалды. Өңірдегі мектептердің 58%-ы жедел басқару орталығына қосылған. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай БИМАНОВА мәлім етті.
- Облыста 184 және 2-3 топтың нысандарына жататын 189 мекеме бар. №117 бұйрыққа сәйкес 1 топтың нысандары бейнебақылау жүйесімен және хабардар ету жүйесімен 100% жарақтандырылған. 2-3 топтың нысандарына жататын 189 білім беру ұйымы бейнекамерамен қамтылған. 141 білім беру ұйымының бейнекамералары 74,6% Жедел басқару орталықтарына қосылған. Қалған мектептердің ЖБО-ға қосылуы тамыз айының соңына дейін жүзеге асады, - деді О.Биманова.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді ӨКҚ жолдады