Жайықта екі серуен қайығы соқтығысты, оның бірінде 25 адам болған. Соқтығыс салдарынан тоғыз адам зардап шекті.
"Атырау облысы полиция департаменті хабарлайды: 3 шілде күні сағат 20:05 шамасында Жайық өзенінде қайықтар соқтығысқан. Аталған қайықтар Жайық өзенінде адамдарды серуендету қызметін атқарған.
Біреуінде 10 адам, екінші қайықта 25 адам болған.
Әр түрлі дене жарақатын алған 9 адам ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1 бөлігімен (темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр".
Денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайына түсінік берді.
«Облыстық ауруханаға 3 науқас медициналық көмекке жүгінді. Оның екеуі амбулаторлы ем қабылдауға үйіне жіберілді. Лор бөлімінде 1 адам ем қабылдауда.
Облыстық балалар ауруханасына 4 бала көмекке жүгініп, 1-еуі амбулаторлы ем қабылдауда. 2007, 2009 ж.т. екі бала әр түрлі дәрежеде жарақат алған, 2017 ж.т. баланың жағдайы ауыр деп бағалануда», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Абилова.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА