Индербор кентінде жалдамалы баспаналардың берешегі туралы іс сотқа дейін жетті. Мәселе «Болашақ» ықшамауданындағы «Ару ана» кешені, «Көктем» ықшамауданындағы №62 үй, Махамбет көшесіндегі №43А және 43Б үйлер, Тайсойған көшесіндегі №46 үй туралы болып отыр.
Баспаналар (260 пәтер) кезінде көп балалы аналарға, әлеуметтік жағынан осал топтарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жалға берілген. Пәтер көлеміне қарай шамамен әр ай сайын 9-15 мың төлеу қажет. Ал 2019 жылдан 2023 жылдың 1 шілдесіне дейінгі тұрғындар берешегі 21 млн 168 мың теңгені құрап отыр.
- «Көктем» ықшам ауданындағы №62 үй тұрғындарының берешегі 6 млн 247 мың, «Ару ана» кешеніндегілер 5 млн-нан астам, ал Махамбет көшесіндегі екі үй иелерінің берешегі 4 млн теңгеден асып кетіп отырса, олардан Тайсойған көшесіндегі №46 үй тұрғындары қалысып отырған жоқ. 260 пәтердің 215-інде берешек қалып отыр, - дейді кент әкімі Шалқар АЛМУРЗИЕВ. - Үйдің жалдау ақысын төлемесе де қосымша пайда табу мақсатымен 3 пәтерді жалға беру фактісі анықталды. Әкімдік қарыз сомасын мәжбүрлеп төлету жұмыстарын жүргізіп жатыр.
- Егер жалға алушы қарызын өтемесе үйден шығарыла ма?
- Біздің позициямыз - тұрғындарды үйден күштеп шығару емес, заң талабына сай тиесілі қаражатты бюджетке қайтару. Бірінші кезекте, сотқа жеткізбей әр тұрғынмен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтиже болмаған жағдайда тамыз айынан бастап аудандық сотқа талап арыз береміз.
- Тұрғын қандай жағдайда жалға алган пәтерін жекешелендіріп ала алады?
- «Болашақ» ықшамауданындағы «Ару ана» кешені, Махамбет және Тайсойған көшесіндегі үйлер 100 жылға жалға берілген. І немесе ІІ топтағы мүгедектігі болса бұл үйлерді өтеусіз жекшелендіріп алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ пәтердің құнын толығымен өтеп болғаннан кейн тұрғын үй комиссиясына өтініш беріп, қорытынды шешімнен кейін өз атағына аударып алуы мүмкін. Ал «Көктем» ықшамауданындағы 80 пәтерлік үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген. Ол сатып алу құқығынсыз, пәтердің иесіне жалға беру жалғаса береді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор