Төрт көліктің жалпы құны 350 млн теңгені құрайды, оны «Теңізшевройл» ЖШС сыйға тартты, деп хабарлайды Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. Арнайы техника жолдардың тазалығын сақтауға, сондай-ақ жасыл желектерді суару және т.б. мақсаттарда пайдалануға арналған.
- «Теңізшевройл» компаниясына аудан атынан зор алғысымды білдіремін. Бұл техникалар аудандағы коммуналдық мәселелерді жолға қоюға көмектеседі, - деді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВА.
Қазіргі таңда «Камаз» автокөлігінің шассиіндегі KO-318D5 сыпырып жинайтын вакуумдық машина, MD-532 аралас тазалайтын, сондай-ақ МД-651 құрама жол машинасы Құлсары қаласында тұр. Жақын арада Schacman маркалы кран-манипулятор жеткізілетін болады.
- Жылыой ауданының әлеуметтік-экономикалық деңгейі біз үшін өте маңызды, өйткені ауданда біздің өндірісіміз орналасқан, қызметкерлеріміз бен олардың отбасы мүшелері осында тұрып, жұмыс істейді. Осы жылы қыста ауданға қар көп түсті, сол себепті ауылдар арасындағы көлік қозғалысы тоқтап қалды. Сол екзде жолдарды тазалау үшін біз Теңіз кен орнынан арнайы техника бөлгенбіз. Бұл жаңа техникалар Жылыой ауданының коммуналдық мәселесін шешуге септігін тигізеді, - деді «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен АРОНОВ.
Айта кетейік, осыған дейін «Теңізшевройл» компаниясының 30 жылдық мерейтойына орай «30 игі іс» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси, спорт пен биге арналған кресло-арбалар, сондай-ақ «Кең Жылыой» мәдениет үйіне музыкалық аспаптар мен сахналық костюмдер сыйға тартылды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді жолдаған ӨКҚ