Атырау облысы Мақат ауданындағы «Интергаз Орталық Азия» компаниясының мердігері «GR World» ЖШС жалақыны көтеруді талап еткен қызметкерлерін жұмыстан босатты. Мұны олар 29 маусым күні таңертең жұмысқа шыққанда білген. Сол күні бір топ өрт сөндіруші Атырау қаласына келіп, еңбек инспекциясына жұмыстан заңсыз шығарылғаны жөнінде шағым түсірді.
Еске салсақ, бұдан бұрын мақаттық өрт сөндірушілер жұмыс берушіден жалақыны елу пайызға көтеруді талап еткен. Бүгінде алатын жалақысы - 80-85 мың теңге.
Ол кезде өрт сөндірушілер «Интергаз Орталық Азия» компаниясының мердігері «БатысСервисПлюс» мекемесінде жұмыс істеген. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң орнына 1 маусымда жаңа мердігер мекеме - «GR World» ЖШС келген. Өрт сөндірушілер қолдарында қазір “жұмысқа алу туралы” бұйрықтан басқа құжат жоқ. Жаңа жұмыс беруші ұсынған еңбек келісімшартында жалақы көлемі 85 мың теңге деп тұрған соң, оған қол қоюдан бас тартқан.
Көп жыл өрт сөндіру саласында қызмет етіп келе жатқан Сәлімбай ЖҰБАНҒАЛИЕВ 29 маусымда таңертең жұмысқа барғанда басшылар олардың бәріне “боссыңдар” деп жұмысқа кіргізбей, орындарына басқа адамдарды жұмысқа алғанын айтады. Ол да әріптестерімен бірге өзін жұмыстан заңсыз шығарып отыр деп санайды.
Өрт сөндірушілер орындарына келген жаңа жұмысшылардың тәжірибесі жоқтығын айтып, “газ линияларынан өрт шығып, жарылыс болса, бүкіл Мақат зардап шегеді” деп уайымдайды.
- Біз еңбек жағдайының нашарлығын айтып, жұмыс қауіптілігін неге ескермейді деп жатқанымыз жоқ. Біз бар болғаны еңбекақымызды талап етіп отырмыз. 85 мың теңгеге алты баласы бар ер адам отбасын қалай асырайды? Мысалы, менің алты балам бар. Мереке, түнгі ауысым күндері төленуге тиіс ақша төленбейді бізге. Жыл сайын тендер өтіп, мердігер мекемелер жылда ауысады. Осыған байланысты бізге еңбек демалысын да бермейді, - дейді С. Жұбанғалиев.
Мердігер мекеменің Мақаттан бөлек Атырау, Құлсары қалаларында, Индер, Құрманғазы, Исатай аудандарында да өрт сөндіру бөлімшелері бар.
- Президенттің өзі өрт сөндірушілердің айлығын кемінде 75 пайызға көтеру керек деген үндеуі бар еді ғой. Бірақ жұмыс беруші тарапы бізде ақша жоқ дейді. Мұны қалай түсінуге болады? - дейді 2012 жылдан бері өрт сөндіру саласында жұмыс істеп келе жатқан Абылай ДОСЖАНОВ.
Мақаттан қалаға келген наразы өрт сөндірушілер облыстық еңбек инспекциясына арыз жазуға аяқтай барды. Еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы Кемел ИМАНҒАЛИЕВ олардың арызын жедел түрде қарап беруге тырысатынын айтты. Ол жұмысшылармен арада келісімшарт жасалмағанына қарамастан, 1 маусымнан бері жұмысқа жіберілгенін және жалақының төленуін де қадағалайтынын жеткізді.
«АЖ» тілшісінің және өрт сөндірушілердің көзінше «GR World» директорының орынбасары Самат МҰРТАЗИНГЕ ұялы байланыс арқылы хабарласты. Ол келісімшартты ұсынғанмен жұмысшылар қол қоймай қойғанын айтты.
Сәл кейін кеңсесі Астанада орналасқан «GR World» ЖШС директоры Азат АҒАТАЕВҚА хабарластық. Оның комментарийі мынадай:
- Біз тендер ұтқан соң оларға жұмыс ұсынғанда олар еңбек жағдайына да, жалақыға да келісіп, оларды алдық. Кейін оларға үш рет еңбек келісімшартын ұсынғанда, олар оған қол қоюдан бас тартты. Біз оларға жалақы туралы алдын ала ештеңе уәде берген жоқпыз. Олар 27 маусымда біздің көзімізше әлеуметтік маңызы бар нысанды тастап, заттарын жинап кетіп қалды. Мен олармен бұдан кейін қалай жұмыс істеймін? Олар айына жеті күн жұмыс істейді. Бір күн жұмыс істеп, үш күн демалады. Соған қарамастан жалақы көтер деп қоқан-лоқы салады. Тіпті бізді “орнымызға алған адамға жұмыс істетпейміз” деп қорқытқысы келеді. Басқа аудандардағы бөлімшелерді де көтерілейік деп үгіттеп, вотсаптан чат ашқан. Маған әкімдік, прокуратурадан, барлық жерден хабарласты. Мен тапсырыс берушіден жалақы көтер деп сұрап ем, бас тартты. Оларды ешкім жұмыстан шығарған жоқ. Келісімшарт болса, шығарып жіберер ем. Қазір олардың орнына 12 жергілікті тұрғынды алдым. Талап қоюшылар менің кіммен келісімшарт жасайтыныма, қандай техника керектігіне бас қатырмау керек. Ал олардың бір айлық жалақысын есептеп, төлеп беремін.
Алайда, наразы өрт сөндірушілер оның сөзімен келіспей, мәселені соңына дейін жеткізуге бекініп отыр.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор