Атырау, 27 қараша 20:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Биыл егін өнімдері ерте пісті

900 просмотра

Махамбет ауданында егін алқаптарында жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биыл өнімдер жылдағыдан 15 күнге ерте пісті. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат ҚАПАНОВТЫҢ мәлімдеуінше, оған өңірдегі ауа-райының қолайлылығы себеп болды. 

Бүгінде тәтті бұрыш, қырықққабат, қияр, қызылша секілді көкөніс түрлері тұтынушылардың қолдарына жеткен. Бұл жергілікті нарықтағы көкөніс бағасын реттеп, сырттан тасымалданатын өнім түрлерін шектеуге мүмкіндік береді.

- Сәуір айының ортасынан бастап егін салдық. Қазір қауын пісті, енді қарбыз піседі, сосын ерте пісетін картобымыз бар, - деді «Дастан» шаруа қожалығының агрономы Баһадүр САЙЫТОВ. Оның айтуынша, көктемде ертемен 160 гектар алқапқа 12 түрлі дақыл егілген.

Жалпы Махамбет ауданында 120-дан астам шаруа қожалығы мен шағын шаруашылықтар бар. Олар биыл 4800 гектарға дән сепкен. Климаты қатал, жазы аптап ыстық болатын өңірде өнім алу оңай емес. Оның үстіне Атыраудағы егіс алқаптары тек қана механикалық жолмен суарылады. Ал шығынның 85 пайызын мемлекет субсидиялап отыр.

- Мемлекет тарапынан субсидия беріліп жатыр. Ол суару, тамшылатып суару құрылғыларын қондыруға, тұқым, гербицид және тыңайтқыш алу сияқты шығындарды өтейді. Былтыр 23 шаруашылыққа субсидия ретінде жалпы 135 млн теңге берілді, - деді А.Қапанов.

Қазір егіс алқаптарынан 40 тоннаға жуық өнім жиналып отыр. Облыс шаруаларына көктемгі дала жұмыстары мен жиын-терім науқаны үшін мемлекеттен жеңілдетілген бағамен 800 тонна дизель отыны бөлінген. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Сурет “АЖ” мұрағатынан

3 шілде 2023, 15:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.