Атырау қаласының Нұрсая және Самал ықшамауданында жаңа демалыс саябақтары салынады, деп хабарлады қала әкімдігі. Қазіргі таңда Нұрсаядағы саябақ құрылысына жобалау-сметалық құжаттама жасақталды, мемлекеттік сатып алу жұмыстары рәсімделіп жатыр.
Нұрсая шағын ауданындағы саябақ «APEC PetroTechnic» жоғары колледжі артындағы 5 га аумақта орналасады. Онда жүгірушілерге және веложүргіншілерге арналған арнайы жолақтар, жарық шамдары, көлік қою тұрақтары, субұрқақ және аумақтың ең көп бөлігіне қаланың топырағына икемделген көшеттерді көптеп отырғызу қарастырылған, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, Самал мөлтек ауданында салынатын саябақ құрылысының құжаттамасы жасақталып, сараптамаға жіберілді. Онда тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына бағытталған футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, ашық теннис және жаттығу алаңы салынады. Сонымен қатар, жарық шамдар орнатылып, тал егіледі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет қала әкімдігінің баспасөз қызметінен