Исатай және Махамбет алаңында мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан Айт тойланып, қала тұрғындары үшін 13 киіз үй тігілді.
- Құрметті, атыраулықтар! Күллі мұсылманның айтулы мерекесі Құрбан Айт құтты болсын! Бұл күнде Алладан тілеген дұға-тілектеріңіз, берген садақаларыңыз қабыл болсын! – деді қала әкімінің орынбасары Нұржан ЕРМҰХАНОВ шараның ашылуында.
Облыстың бас имамы Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ бұл күннің маңыздылығын атап өтті:
- Құрбан Айтта оқыған айт намазымызды, шалған құрбандығымызды, сұраған дұғамызды, қайырымды істерімізді Алла қабыл етсін! Мұнда келген баршамыздың қадамымызды сауаптан жазып, жастарымыз инабатты, ибалы, тілі мен дәстүрін сүйіп өскен ұрпақтан болсын.
Алаңға жиналған жұрт бір-бірін жамыраса құттықтап, мешіт жанынан тігілген киіз үйлерден дәм татты. Құрбандық сойылып, қазан асылды.
Күндердің ең абзалында мәре-сәре болған көңіл-күймен жүрген жұртшылық мейрам құрметіне арнайы ұйымдастырылған спорттық шараларға белсене қатысты. Сондай-ақ балаларға тәтті үлестірілді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер