Биылғы жылы облыс көлеміндегі 14 мектептің (іріктелініп алынды) базасында бұрынғы мемлекеттік аралық бақылаудың орнына оқу жетістіктерін сырттай бағалау (ОЖСБ) өткізілді.
Атырау облысының білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Артур ЕДІЛХАНОВТЫҢ айтуынша,Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, ОЖСБ 9-25 сәуірі аралығында (біздің облыста 9-ынан 17-сіне дейін) 9-сынып оқушыларының арасында өткізілді.
Оқу жетістіктерін сырттай бағалау рәсімінің негізгі міндеттеріне білім алушылардың оқу жетістіктеріне мониторинг жасау, оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау және білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметінің сапасына салыстырмалы талдау жасау жатады.
ОЖСБ 9 сәуір күні Махамбет ауданына қарасты 3 мектептің базасында өткізіліп, 102 оқушы қатысты. Оқушылар тестілеу сұрақтарының оқу бағдарламалары аясында болғандықтан елеулі қиындық туғызбағанын айтты. Дегенмен де, кейбір білім алушылардың жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша білім деңгейлерін әлі де болса арттыра түсуі қажеттілігі байқалды.
Екінші кезеңде, 12 сәуір күні Жылыой ауданындағы 3 мектеп пен Құрманғазы ауданындағы 2 мектептің базасында, ал үшінші кезеңде, 16-17 сәуір күндері - Атырау қаласындағы 6 мектептің базасында өткізілді.
Қайырбек САНСЫЗБАЕВ