
Қазақстандағы ірі мұнай өңдеу зауыттары шілде–тамыз айларында Ресейге АИ‑92 маркалы автобензин экспорттауға бөлінген квоталарды іс жүзінде пайдаланбады. Саладағы дереккөздердің айтуынша, шешімге бірқатар факторлар әсер еткен: екінші деңгейлі санкциялар қаупі және ел ішіндегі жоғары сұраныс, деп жазады Reuters.
Павлодар мұнай‑химия зауыты мен Атырау МӨЗ‑ге әрқайсысына 17,5 мың тонна АИ‑92 экспорттауға рұқсат берілгенімен, отын көрші елге жөнелтілмеді. Ресурс иелері көлемді Қазақстан ішкі нарығына бағыттауды жөн көрді. Трейдерлердің басты алаңдаушылығы — ресейлік банктер арқылы транзакция жасау қиындығы және батыс санкцияларына ілігу қаупі. «Ешкім санкцияға ілігуді қаламайды», — дейді нарық қатысушыларының бірі.
Тек «Татнефть» компаниясымен жұмыс істейтін «Конденсат» зауыты ғана ерекшелік болды: ол Ресейге шамамен 9 мың тонна К‑5 экологиялық класындағы бензин жөнелтті.
Қаржылық тәуекелдерден бөлек, Қазақстанның К‑4 стандартына сай бензині ресейлік АЖҚС (Автожанармай құю станциясы) үшін тиімсіз болып шықты. Ресейдегі бөлшек баға реттелуі мен тасымал шығындарына байланысты қазақстандық АИ‑92 тоннасына 1100–1200 доллар деңгейінде, яғни жергілікті отыннан қымбатқа түсті.
Сонымен қатар, Қазақстанда жазғы маусымда сұраныс күрт артқандықтан, баланс шиеленісті күйде қалды. Дефициттің алдын алу үшін «ҚазМұнайГаз» Павлодар МӨЗ‑нің жоспарлы жөндеуін биылғы күзден 2027 жылдың наурызына шегерді.
26 тамыздағы дерек бойынша елдегі АИ‑92 қоры аздап өсіп, 272 мың тоннаға жетті. Ал АИ‑95 қоры 79 мың тоннаға дейін төмендеді. Энергетика министрлігі жоғары октанды бензин сапасына қатысты жүргізушілердің шағымдарынан кейін тексеріс жүргізіп жатыр. Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» Павлодар зауытынан шығатын АИ‑95 толықтай Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес келеді деп сендірді.
В Атырау +28.5