
Петропавлда ағынды суларды тиісті рұқсатсыз ағызған коммуналдық кәсіпорын 174 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Экологиялық заңнаманың бұзылғанын Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы анықтады. Тексеру барысында коммуналдық мекеменің ағынды суларды рұқсат беру құжаттарында қарастырылмаған орындарға төгіп келгені белгілі болды.
Прокуратураның талабы бойынша облыстық Экология департаменті тексеру жүргізіп, заңбузушылықты ресми түрде растады. Мекемеге анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік іс қозғалды.
2026 жылғы 14 тамыздағы сот қаулысымен коммуналдық кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 1-бөлігі бойынша жауапты деп танылып, оған 174 миллион теңге айыппұл салынды.
Өңірде табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Қадағалау органы жеке және заңды тұлғаларға экологиялық талаптарды бұзғаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
В Атырау +18.8