
2026 жылғы 6 қазанда бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер, екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Экономикалық серіктестік туралы келісім күшіне енді.
Құжатқа 2025 жылғы 27 маусымда Санкт-Петербургте қол қойылды. Қазақстан оны 2026 жылғы 8 шілдедегі заңмен ратификациялады.
Келісімнің басты мақсаты — тауар номенклатурасының 85%-дан астамы бойынша импорттық кедендік баждарды өзара жою және төмендету, сондай-ақ тараптар арасындағы сауданы жеңілдету.
Қазақстандық компаниялар үшін бұл келісім БАӘ-ге ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп тауарларының бірқатар түрін бажсыз жеткізуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қатарында қой еті, сиыр еті, құс еті, кептірілген бұршақ дақылдары, бидай ұны, кондитерлік өнімдер, басқа да азық-түлік тауарлары мен қанты бар минералды су аталды.
Өнеркәсіп секторында жеңілдіктер, бастысы, мұнай мен мұнай өнімдеріне, тазартылған мысқа, ыстықтай және суықтай илектелген прокатқа, металл шыбықтарға, крандарға, клапандарға, вентильдерге, сорғыларға және қосалқы бөлшектердің жекелеген түрлеріне қолданылады.
Келісім тек тарифтерді реттеумен шектелмейді. Ол сондай-ақ кедендік ынтымақтастықты, тауарлардың шығарылған елін анықтауды, сауданы қорғау шараларын, техникалық кедергілерді, санитарлық және фитосанитарлық талаптарды, зияткерлік меншік пен электрондық сауданы қамтиды.
Жекелеген ережелер салалық ынтымақтастықты дамытуға және шағын әрі орта бизнестің өзара іс-қимылын кеңейтуге бағытталған.
Толыққанды преференциалдық сауда режимі өзара сауданы арттыруға және Біріккен Араб Әмірліктері нарығында қазақстандық өндірушілердің қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
В Атырау +18.8