11 сәуірде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Әйел және дін» атты республикалық форум өтті. Түстен кейін «Мұнайшы» стадионында жастар митингісі, ал келесі күні Мұнай және газ институтында ғылыми-практикалық «Жастар және дін» атты конференция өткізілді.
Осы шараларды өткізу үшін көрнекі тұлғалар: ҚР президентінің кеңесшісі – Әйелдер ісі мен отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА, Дін істері жөніндегі ҚР Агенттігінің төрағасы Қайрат ЛАМА ШАРИФ, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан МАЯМЕРОВ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ҒЗИ директоры Зәмза ҚОДАР және теология мен дінге қатысты мәселелермен айналысатын делегацияның басқа да мүшелері Атырауда бас қосты.
Гүлшара Әбдіхалықова қазақ халқында жастарға үлгі болатын танымал әйел тұлғалардың көп екендігін атап өтті. Бүгінде Қазақстан гендерлік теңдік рейтингісі бойынша 135 елдің ішінде 31-орында тұр, мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызы - әйелдер екен.
Қайрат Лама Шарифтің айтуынша, қазақ қыздары ешқашан беттерін жаппаған, ешкіммен араласпай өмір сүрмеген.
- Біздің қоғамымыз үшін қыздардың хиджаб кигені қауіпті емес. Қауіпті нәрсе - ұлттық ділімізді өзгертіп, тіпті жою қаупін төндіретін біздің мәдениетімізге жат көзқарастың еніп жатқандығы, - деп атап өтті ол.
Форум шеңберінде «Қыз Жібек» қыздар клубының ашылу салтанаты өтті. Түстен кейін «Мұнайшы» стадионында жастар митингісі болып, онда «Экстремизмге жол жоқ!», «Жасасын, Қазақстан!» деген және т.б. ұрандар айтылды. Бағдарламаны қазақ эстрадасының жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова мен Нұрлан Албан жүргізді. Митингте сөз сөйлеген Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ:
- Жыл басынан бері 28 мың студент ай сайын жол жүру ақысына 1300 теңгеден алып тұрады, облыста 922 спорт нысандары жұмыс істейді. Сонда да бізде, өкінішке орай, қате жолға түсіп, теріс діни ағымдарға ілесіп кеткен жастар бар. Сондықтан ұлттық құндылықтарды бағалап, ата-ананы құрметтеп, алға қойған мақсатқа жетіп, сапалы білім алу керек, - деді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ