- Қазақстанда жеке сот орындаушыларының қызметіне ресми рұқсат етілген деп естідім. Менің заң білімім бар, әскер қатарында болдым, сотталмағанмын. Жеке сот орындаушыларына қандай талаптар қойылады және лицензия алу үшін не істеу керек?
Атырау облыстық әділет департаментінің баспасөз хатшысы Бақыт БАЛАПАННЫҢ айтуынша, 14-ші наурызда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің сот актілерін орындау комитеті жеке сот орындаушы қызметімен айналысу құқығына лицензия алуға құжаттар қабылдау басталғандығын мәлімдеді. Лицензия алу үшін жеке тұлғаларға мынадай біліктілік талаптарына сай келу қажет: жасы 25 жастан кем болмауы, ҚР азаматтығы мен жоғарғы білімі болуы керек.
Қазіргі кезде 2010 жылғы 2-ші сәуірдегі Қазақстан Республикасының «Атқару өндірісі және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңына сәйкес, жеке сот орындаушы қызметімен айналысу құқығына лицензияны:
1) тұрақты судьяларға, 2) өз міндеттерін орындау кезінде кір келтіретін теріс әрекеттері үшін және заңды бұзғаны үшін қызмет лауазымынан босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья боп жұмыс жасаған тұлғаларға, 3) атқару өндірісі саласында өкілетті органда және оның аумақтық органдарында бес жылдан кем емес жұмыс жасаған (теріс әрекеттері үшін жұмыстан босатылғандарды қоспағанда) немесе жасайтын тұлғаларға, 4) прокуратура органдарында он жылдан кем емес еңбек өтілі бар жұмыс істейтін прокурорларға берілетін болады.
Лицензия алу үшін мынадай құжаттарды алу қажет:
1) бекітілген үлгідегі өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) салық органында өтініш берушінің есепке қойылғандығы туралы куәліктің (СТН) нотариалдық расталған көшірмесі;
4) жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алым (6 АЕК) төленгендігін растайтын құжат;
5) жоғарғы заң білімі туралы дипломның нотариалдық расталған көшірмесі;
6) лицензиарға ұсынғанға дейінгі бір айдан кем емес уақытта арыз берушінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша берілген наркологиялық және психиатриялық диспансерлердің медициналық анықтамалары;
7) лицензиарға ұсынғанға дейінгі бір айдан бұрын емес уақытта арыз берушінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша берілген республиканың барлық аумағы бойынша мәліметтерді қамтыған соттылығы жоқ екені туралы анықтама;
8) атқарушылық іс жүргізу саласында кемінде бес жыл, прокуратура органдарында кемінде он жыл жұмыс өтілін растайтын және атқарған қызметінен босатылу себебін қамтитын еңбек кітапшасының немесе өзге де құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;
9) лицензиарға ұсынғанға дейінгі он күнтізбелік күннен бұрын емес уақытта құзырлы лауазымдық тұлға берген судья лауазымындағы өтініш берушінің жұмысын растайтын анықтама;
10) Қазақстан Республикасы Президентінің тұрақты судья лауазымынан босату туралы Жарлығының немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты қаулысының көшірмесі.
Егер лицензия алу үшін тұрақты жұмыс істейтін судья өтініш білдірген жағдайда, онда оның лицензиарға 6), 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынуы талап етілмейді.
Лицензия алу үшін қажетті құжаттарды өтініш беруші жеке өзі немесе азаматтық заңнамаға сәйкес ол уәкілеттік берген өкілі, не тапсырыс хатпен ұсынады.
Уәкілетті органның мекен-жайы: 010000, Астана қ., Орынбор көшесі, 8 үй, 13-ші подъезд, 8 қабат, 805 кабинет. Анықтама телефондары: 8 (7172) 55-25-18, 74-04-45.